Бүгін Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен,қала әкімі Ғ.Әбдіраxымовтың төрағалық етуімен қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жергілікті бюджеттің салық салу базасын ұлғайту мәселесі бойынша мемлекеттік мекеме басшылары, бизнес-қауымдастық, кәсіркерлік субъектілері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті.
Онда Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Нұралxан Көшеров 2018 жылдың қорытындысымен және салық салу базасын ұлғайту мәселелері бойынша баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, өткен жылға салықтық төлемдер бойынша бекітілген жоспар 73 млрд. теңге болса, нақты 78 млрд. тг. түсіп, жоспар 107% орындалды, 2017 жылмен салыстырғанда түсімдер 9,7 млрд. теңге артығымен түсіп, өсу қарқыны 114% құраған екен.Мегаполисте 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс атқаруда және осы кәсіпкерлік субъектілерінен 2018 жылға мемлекеттік бюджетке 22,6 млрд.тг түскен. Сондай-ақ, Шым шаһарында 37 сауда базарлары тіркелсе, 13 649 дара кәсіпкерлер осы базарларда сауда жасайды екен. Осындағы 1 кәсіркердің орташа бір жылдық салығы 39,2 мың тг. құрайды.Мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттардың құны айтарлықтай аз көрсетілген. Мысалы, толық бітпеген тұрғын үйінің бағалау құны 42 млн. тг. Ал «Имран» сауда үйінің бағалау құны жеке тұлға үйінің бағалау құнынан 32,8 млн.тг. төмен бағаланған.
Тоғжан Нарбай.