Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданының әкімі халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиында 2018 жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстар жарияланып, алдағы жоспарлар анықталды. Өңір тұрғындары мен аудан басшылары басқосқан кездесуде көкейдегі сұрақтар ортаға салынды. Десек те, жиын барысында мәселеге қарағанда мақтаулар қатары басым.
Статистикалық уәкілетті органның мәліметіне сәйкес, Әл-Фараби ауданының халық саны 219 143, аумағы 14 380 гектар жерді құрайды. Бұл Шымкент қаласы бойынша халқы ең тығыз орналасқан 3-ші аудан саналады. Соған қарамастан көркейту, дамыту жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Оны бүгінгі есеп беруден байқадық. 2017 жылғы есеп беру кезінде 2018 жылға құрған жоспарлар легі толығымен және артығымен орындалыпты. Мәселен, бұған дейін қыс басталса, аудан тұрғындарының дегбірі қаша бастайтын. Себебі, жылу жүйесіндегі ақаулар реттелмей келген. Өткен жылдың басты жоспарына енген бұл мәселе, уақытында өз шешімін тапқан. Бүгінде 672 көпқабатты үйдің 613-і орталықтандырылған жылу жүйесіне, қалған 59 үй автономды жүйеге қосылған. Осы секілді инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар.
Мегаполистің ішкі көркін бұзатын ретсіз сауда орындары мен ұсақ жарнамалар Әл-Фараби ауданынан тазартылған. Заңсыз сауданы жою мақсатында 1400 тұлғаға хаттама толтырылып, 439 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
2018 жылы атқарылған жұмыстар жайында баяндаулардан кейін, халықтың талап-арыздары, өтініш-тілектері тыңдалды. Әрине, барлық өңір секілді түйіткілді мәселенің көбі жер, автобус, ауыз-су және жолға қатысты. Алайда, аймақ тұрғындары алғашқы сөздерін айқай-шумен емес, мақтау сөздермен бастап жатты.
Осы секілді 2018 жылғы білім, дін, кәсіпкерлік, қайырымдылық және тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстар толық қамтылды. Естеріңізге сала кетейік, сізде өз мәселеңізді әр күн сайын сағат 9:00 мен 10:00-дің арасындағы аудан әкімінің жеке қабылдауында айта аласыз.
Аруна Пернебек.