Қазақстандық Жансая Әбдүмәлік шахматтың барлық түрі бойынша 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемдік рейтингті бастап тұр, деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметінен.
«Жансая Әбдүмәлік шахматтың барлық түрі бойынша 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында үздіктердің тізімін бастап тұр. Қазақстандық шахматшы классика, рапид және блиц бойынша ЭЛО рейтингінде көш бастап тұр», — делінген жұмада таратылған хабарда.
Бұған дейін бірде –бір қазақстандық спортшы шахматтың үш түрі бойынша бір мезетте әлемдік рейтингті бағындыра алмаған еді.
«Мен қызыммен мақтанамын. Ол көп еңбектенеді, үнемі өз шеберлігін шыңдап жүреді. Және осы тарихи көрсеткіш – оның жемісті және ұқыпты жүмысының жемісі», — деді спортшының әкесі Данияр Әшіров.
18-жасар Ж.Әбдүмәлік бала кезінен бастап шахматпен айналыса бастады және 14 жасында Қазақстандағы ең жас гроссмейстер болды. Қазір оның қоржыны белді республикалық және әлемдік турнирлерден алған көптеген марапатқа толы.
«Әркез мен жан-тәніммен тырысамын, өзімнің бар білгенімді қолданамын, ол үшін менің ата-анама және жатықтрушыма алғысым шексіз. Иә, бұл көрсеткіш жаман емес, бірақ бұл арқаны кеңге салу дегенді білдірмейді. Менің әлі еңбектенетін нәрсем көп, мен үшін ең жақсы нәтиже — әркез кешегіден де жақсы ойнау», — деді қазақстандық гроссмейстер.
2018 жылдың қарашасында өзінің алғашқы ересектер арасындағы Әлем чемпионатында Ж.Әбдүмәлік қазақстандық шахмат тарихында алғаш рет ширек финалға шықты. Ал желтоқсанда өткен рапид және блиц бойынша әлем чемпионатында әйелдер арасында жылдам шахмат бойынша алтыншы орынды иеленді.
ҚазТАГ.