«Қайырымдылық керуені» атты іс-шаралары бастау алды. «Мейрімділік пен бірлікке» ұранымен өткен игі бастама жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдауға арналған алғашқы шара Үшінші мегаполисте орналасқан 6506 әскери бөлімінде ұйымдастырылды. «Мейрімділік пен бірлікке!» атты акция қазақ халқының әдет-ғұрыптарымен тікелей байланысты. Яғни, сан жылдардан мұра болып жеткен бұл дәстүрді әр айда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Соның бастамасы ретінде Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеп жүрген 30 жас сарбазға «Сарқыт» таратылды.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бүгінде ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Осының негізінде ұйымдастырылған игі бастаманың бүгінгі ұрпаққа берері мол. Нақтырақ айтқанда бүгінге дейін сырын сақтап келген әдет-ғұрыптардың әрі қарай жалғасуына өз септігін тигізеді. Мәселен, сарқыт – бұл қазақ халқының қонақ жайлығының, сый-құрмет көрсетуінің бір көрінісі.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі шара әжелер ансамблінің ән шашумен жалғасты. Ұрпаққа өнеге болар бастама ақпан айында «Сыбаға» атауымен жалғасын табады.
Мақсат Тоқсанбай.