Белгілі жазушы, қазақ журналистикасына өзіндік қолтаңба қалдырған Шерхан Мұртазаұлының ортамыздан кеткеніне 100 күн таяпты. Еті тірі, тірлігі ірі болған талант 2017 жылдың тамыз айында туған жерінде соңғы рет болды. Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. Денсаулығы сыр берген шақта кіндік қаны тамған өлкесіне келіп, ауылының саф ауасымен тыныстап кеткен еді. Сол тұста «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы арнайы барып, сұхбат алғаны естеріңізде ме? Дерті асқынып, қиындық тудырса да ат терлетіп барған арна тілшісіне бір ауыз сөзбен тілегін жеткізді. Яғни, болашақ ұрпаққа бақыт тіледі. Иә, қаламы қарымды дарабоздан бізге қажеті де жүректен жүрекке жететін шынайы лебізі.«Бір кем дүние» атты кітабы көпшіліктің сүйікті шығармасына айналған Шерхан Мұртазаның, бұл жалғанда өзі болмаса да соңында ұлттық рухты көтеретін құнды дүниелері қалды. Елден шыққан ел азаматының ұрпаққа қалдырғаны — рухани байлығы. Ауылдас ағайындарының ортасында отырып, бауырларымен қара шаңырақта бірге болғанына «Айғақ» куә болған болатын.
Осыдан үш ай бұрын дүниеден озған Шерхан Мұртазаны Елбасы оның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайтынына сенім білдірді. Қазақтың мұңын мұңдап, сөзін сөйлеген Шерағаның қазасы көкірегімізде шер болғанмен, жүректе шығармасы мәңгі қалмақ. Бір кем дүние…
Бағлан Байкөбекқызы.