ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Шымкент қай кезеңнен бастап дотациялық өңір атауынан шығатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар министрден Шымкент қаласы бүгінде дотация алып отырғанын айта келе, аталған шаһар қай уақыттан бастап өзін-өзі толық қаржыландыра алатынын сұрады.
«Шымкент қаласының экономикалық әрі қаржылық тұрғыда әлеуеті жоғары. Жақында қала өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетеді. Біз шаһар әкімдігімен тиісті есептеулерді жүргіздік. Экономикалық даму жоспарын ескере отырып, 2025 жылға қарай Шымкент аталған межеге шығады», — деді Тимур Сүлейменов.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Аталған құжатты қабылдау заңнамалық актілердің республикалық маңызы бар қалаларға қатысты нормаларын Шымкент қаласына да қолдануға мүмкіндік береді.