Түркістанда фитнес-орталықтың іргетасы қаланды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысқан салтанатты шарада аймақ басшысы осынау бой көтеретін нысанның келешекте түркістандық халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, оны қалыптастыруда алатын рөлі ерекше болатынына сенім білдірді.
«Елдің еңсесі биік болып, қуатты ел атану үшін салауатты өмір салтын ұстану — баршаға міндет. Себебі, денсаулығы мықты, ойы сергек азаматтар ғана мемлекеттің қуатын еселейді. Ал, денсаулық мықты болсын десек, спортты серік ету қажет. Салауатты өмір салтының бір тетігі – фитнеспен шұғылдану. Бүгін Түркістан қаласында іргетасы қаланғалы отырған «Фитнес Палас» фитнес орталығы қала тұрғындары мен қонақтары үшін ең сүйікті орындардың біріне айналады деп сенемін. Фитнес орталығында ересектерге арналған бассейн, ерлер мен әйелдерге арналған жеке сауналар мен SPA-кешендер, әлемдік деңгейдегі жаттығу құрылғыларымен жабдықталған зал ашылады. Мұнда тәулігіне 4000 адамға дейін жаттығу жасай алады», — деді Ж.Түймебаев.
Хабарда атап өтілгендей, аумағы 11 200 шаршы метрді құрайтын заманауи фитнес орталық жеке инвестор «ХЭДУЕЙ Корпорациясы» ЖШС есебінен бой көтереді. 100 бірлік жаттығу құрылғысы бар нысанның 25 метрлік бассейні 7 қабатты тазалау жүйесімен қамтылған. Нысан 2019 жылы қолданысқа беріледі.
Бұл жерде айына 500 топтық бағдарламадан тұратын 40 фитнес бағыттарын ұйымдастыру жоспарда бар. Спорт орталығында Hammer Strength, HOIST, TECHNOGYM сынды белгілі компаниялардың құрылғылары орнатылған.