Шымкенттегі көмекші мектеп-интернаттың ұжымы мен тәрбиеленушілері үшін биылғы Жаңа жыл мерекесі айрықша оқиғамен есте қалатын болды. Өйткені, мемлекет басшысының тарту еткен автокөлік кілтін 25 желтоқсан күні мегаполис мэрі Ғабидолла Әбдірахымов мектеп басшысына арнайы табыстады.

Айта кету керек, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мен ұжымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа құттықтау хат жазып, қолөнер бұйымдарын жолдаған болатын.


Сондай-ақ, Шымкенттегі №4 балалар үйінде жаңа жыл мерекесі кең көлемде аталып өтті. Мерекелік кешке қатысқан мегаполис мэрі Ғабидолла Әбдірахымов балалар үйінің тәрбиеленушілерін құттықтап, балаларға арнайы дайындалған спорттық костюмдер жиынтығын табыстады.

Айта кетейік, Сайрам тұрғын үй алабындағы балалар үйінде 80 жасөспірім тәрбиеленуде. Кеш барысында қала әкімі балалар үйінің тыныс-тіршілігімен танысып, тәрбиеленушілердің мәселелеріне құлақ түрді. Кеште балғындар қонақтарға арнап ән салып, би билеп, өз өнерлерін паш етті.
Суреттер Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.