Мегаполистегі Оқушылар сарайында ҚР Президенті атынан қала әкімінің «Жарқыра, Қазақстан, Жарқыра – Туған жер!» атты жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. Салтанатты іс-шараға қатысқан шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов балақайларды мерекемен құттықтап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының және дарынды 250 балаға «Назарбаевтай болғым келеді» атты кітап мен Елбасының хатын және қаржылай 100 мың теңге табыстады.
– Бүгінгі мерекеге жиналған балақайлардың барлығы әдемі. Баршаларыңызға тек амандық тілеймін. Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, арман-тілектеріңіз жүзеге ассын! Шымкент жыл санап көркейе бермек. Біз ең бірінші кезекте балаларға назар аударамыз. Балалар ойын алаңшалары, спорттық үйірмелер бәрі балғындар үшін жасалатын болады. Сіздердің балалық шақтарыңыз қауіпсіз өтуіне ықпал етеміз,– деді қала әкімі.
Жаңа жыл мерекесі мен Аяз атаны асыға күткен балғындарды қысқы ертегі кейіпкерлері қызықты да мазмұнды мерекелік бағдарламамен қуантты. Мерекенің басты кейіпкерлері – Аяз ата мен Қарша қыз балаларды қысқы ертегі әлеміне жетелеп, концерттік бағдаламасын ұсынды.
Салтанатты жиында қала әкімі балғындармен би билеп, кеш қонақтарымен бірге жас өнерпаздар өнері мен Елбасының құттықтауын тамашалады.