Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жылу беру маусымының өтуі мәселесін қарау қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың, инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбектің, сондай-ақ бірқатар өңірлер әкімдерінің баяндамаларын тыңдаған соң Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жалпы биылғы жылыту маусымы елеулі технологиялық ақаусыз, қалыпты өтіп жатқанын айтты. Дегенмен, бұл мәселе барлық өңірлер әкімдерінің жіті бақылауында болуы керек.
Бұдан өзге, кейбір өңірлерде қатты аяз болжанып отырғанын және алдағы мерекелік күндерді ескеріп, жергілікті атқарушы органдарға жылумен, энергиямен жабдықтау
ұйымдарын қажетті көлемде отынмен, қажетті материалдармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауды, қосымша техникалық ресурстар тартуды, тиісті ұйымдар мен бригадалардың тәулік бойғы кезекшілігін ұйымдастыру тапсырылды. Халықты жылумен, сумен және энергиямен жабдықтау үшін әкімдердің нақты шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Дереккөз: primeminister.kz.