Миллион халқымен республикалық маңызы бар қала статусына ие болған үшінші мегаполистің алғашқы шырша шамы жағылды. Шымкент қаласының төріндегі Әл-Фараби алаңына орнатылған биылғы шыршаның жалпы биіктігі 15 метр. Жаңа жылдың басты символы салмағы 1 тоннаға жуық шыршаның шамын мегаполис мэрі Ғабидолла Әбдірахымов жақты.Жұрттың бәрі асыға күтетін жаңа жыл мерекесіне 500-ге жуық өнерпаз қатысты. Соның ішінде 100 шақтысы Аяз ата мен Қарша қыз және ертегі кейіпкерлері мен аниматорлар. Сән-салтанаты жарасқан шараға миллионды қаланың тұрғындары лек-легімен ағылып келіп жатты. Биылғы орын алған тарихи сәттен кейін шырша шамын жағу рәсімі қала тұрғындарын ерекше сезімге бөледі. Сахналық театрландырылған қойылымдар да көтеріңкі көңіл сыйлап, жиылған халықты шаттықа бөледі.440 метр шамдар мен 240 дана алтын шарлар және басқа да әсем ойыншықтармен безендірілген шырша көздің жауын алып тұр. Әсіресе, қыстың аяздығына қарамай осы мерекеге асыға жеткен бүлдіршіндердің жүректеріне де жылу сыйлады. Әрбір балғын балаларға қуаныш сыйлаған ерек күн болды.Сондай-ақ, 15 метрлік шырша әкімшілік-іскерлік орталық алаңына да орнатылған. Қаланың барлық орталық көшелері сәулеттік мүсіндер мен түрлі жарық шамдармен безендірілген. Шымкент қаласында емес, ертегі әлемінің бір бұрышында жүргендей күй кешесіз. Әр адамға мерекелік көңіл-күй сыйлауда.
Малика Маратқызы.