Жасотандықтар мен еріктілер үй шаруасына қолғабыс етеді.
Қыс кезінде ауланы қардан тазалайды. Облыс бойынша елуге жуық жалғызбасты қария тұрады. Жастар қамқорлыққа зәру жандарға аптасына бір рет барып көмек көрсетеді.
Махмутовтарға еріктілер тұрақты келіп тұрады. Сексеннен асқан қарияларға үй шаруасын атқару қиын. Әрі екеуі де жақында ауыр операция жасатқан.
Райса әжейдің айтуынша, ол апта сайын жастарды асыға күтеді. Әңгіме-дүкен құрып, бірге шай ішкен ұнайды екен. Кезінде бала оқытқан қарт әжей студенттермен тез тіл табысып кеткен.
Райса Махмутова, еңбек ардагері:
— Жазда 2-3 ай болмай қалады. Қыркүйектен бастап демалысқа кеткенше көмектесіп тұрады. Ер балалар атаға көмектесіп қар тазалайды. Ата 80 жаста.
Ақтөбеде қарияларға қамқор болып жүрген бірнеше топ бар. Жасотандықтар облыстық ресурстық орталықтың еріктілері мен жас сақшылар жиі акция ұйымдастырады.
Аслан Бекмырза, еріктілер тобының мүшесі:
— Әрине, кішкентай кезімізде ата-анамыз үйреткендей, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіреміз. Қарттарға қыздар үйін жуып, ыдысын жуып көмектессе, ер балалар сыртта қар күреп, палас қағып, қара жұмыс жасап береді. Қарттарға оның бәрін істеу қиын.
Әйгерім Өтекай, еріктілер тобының мүшесі:
— Біз қарттарға, жетім-жесірлерге көп көмектесеміз. Біздің ашылғанымыз биыл. Аз уақыттың ішінде көптеген жетістікке жеттік деп айта аламын. Көптеген шараларға қатысып, көп тәжірибе алдық. Үлкен қарттарға көмектесіп, алғыс аламыз.
Нәтижесінде қариялар қуанып қалса, жастар үлкенді сыйлау мен еңбекке үйренеді. Жалғыз тұратын қарттар әсіресе қыста көмекке зәру. Қар қалың түскен кездері жас сақшыларды күтіп отырады.
Дереккөз: 24.kz.