Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. «Dala-Fruit.kz» компаниясы мен бордақылау алаңы «Нұрым групптың» ЖШС қызметімен танысты. Ағымдағы жылдың 11 айлық көрсеткішінде елімізде 15 мың тонна ет экспортталған екен. Ал, Сайрам ауданындағы «Нұрым групп» ЖШС-і де Қытай еліне ет жөнелтуді мықтап қолға алып отыр. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бірінші «Dala-Fruit.kz» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл жобаның құны – 4,5 млрд. теңге. Қазір онда 81 адам жұмыспен қамтылған. Алма өсіріп, соңғы үлгідегі техникаларды қолданып, шырындардың сан түрін шығарып отыр. Жылына 5 мың тонна алма өндіріледі. «Нұрым групптың» өз жұмысын бастағаннан бері межеленгенген жоспар артығымен орындалып келеді. Жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге. 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. шаруа қожалығының жемісті еңбегіне куә болған ауыл шаруашылығы министрі шетелге экспортталатын өнімнің сапасы жоғары екендігіне көз жеткізді. «Нұрым групп» ЖШС—нің басшысы Сырым Ертаевтың айтуынша, бұл жылы экспортталған өнім – 3 мың тонна. Алдағы жылы оны 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және өзге де мемлекеттерде біздің өнім сұранысқа ие.
Тоғжан Нарбай.