Бүгін елордада өтіп жатқан VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарттар мен балалар үйлерін біріктіру мәселесін қарстыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қартаятындығымызды ешқашан ойламаймыз. Барлығымыз да қарт боламыз. Бүгін жаспыз және алдымызда мыңдаған жыл бардай көрінеді. Бұл өте жылдам өтеді, көз алдыңа елестетіп те үлгере алмайсың. Әсіресе, біздің қазақтарға ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт болатын. Қазір мен ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен аталары мен әжелері отырғанда жаным ауырады. «Ақсақал балаларыңыз бар ма?» деп сұрасаң, «қайтесің», деп теріс қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Сонда біз өзіміздің салтымыздан, ғұрпымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешемізді қарттар үйіне апарып тастап үйде қалай отырамыз?»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы батыста мұндай үйлердің бар екендігін атап өтті. Бірақ, ондағы қарттар өз үйлерінде сұхбаттасар серігі, көршілері, қатарластары болмағандықтан өз еріктерімен баратындығын айтты.
«Қазір қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру туралы ұсыныс түсіп жатыр екен. Мүмкін мұны да қарастырып көрген жөн болар», — деді ҚР Президенті.