Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрылғанына — 75 жыл. Мерейтой аясында қара шаңырақ оқу орнының тарихында алтын әріптермен орын алатын академик Сұлтан Сүлейменовтің ескерткіші ашылып, жаңа тұғырға қондырылды.
1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдың 29 маусымында КСРО Халкомы жанындағы жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комисарының «Қазақ КСР-і Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» білескен бұйрығы шықты.
Бұл ел басына күн туған сол бір ауыр кезде ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын.
Оқу орнына қаланың Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би) педучилищенің ғимараты беріліп, жаңадан ашылған оқу ордасының басшылығына Харьковтен көшіп келген К.А.Деляур бекітілді. Шындығында құрылыс өнеркәсібіне қажетті білікті мамандарды даярлаудың өзектілігін жоғары билікке дәлелді фактілермен жеткізе отырып, институттың ашылуына зор еңбек сіңірді.
Алғашқы оқу жылында институт құрамында екі факультет: технологиялық және тау-кен факультеттері және 7 кафедра болды. Институтта небары 18 оқытушы, олардың ішінде 2 профессор және 5 доцент болды.
Алғашқы жылы институтта оқыған 240-қа жуық студенттердің ұлттық құрамына келер болсақ, олардың 1-і қазақ, 108-і орыс, 87-і еврей, 30-ы украин, 1-і белорус, 2-і өзбек, 1-і кәріс, 3-і татар, 2-і армян ұлтының өкілдері болатын.
Жаңадан ірге көтерген оқу орнында оқытушылардың да, студенттердің де қатарындаа жергілікті ұлт өкілдерінің қарасы аз болуының себебі, олардың негізінен Украинадан эвакуацияланғандардан құрылғандығы еді.
Институт ұжымы соғыс жылдары басқа мекемелермен бірге қорғаныс қорына заттай және ақшалай қаражат жинап аударып отырды, сондай-ақ гидростанция салу құрылысына да қатысып, колхоздарда дәнді дақыл мен мақта жинауға т.б. маусымдық жұмыстарға белсене көмектісті.
К.Деляурдан кейін институт басшылығына 1944 жылы Сафа Үмбеталин келді. Ол институттың профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға баса көңіл бөліп, «Силикаттар технологиясы» мен «Физика» лабораториясының ашылуына, институттың материалдық-техникалық базасының қалыптасуына, нақтырақ айтқанда 500 студентке арналған жатақхана ғимаратын салуға, 700 орындық оқу ғимаратының құрылысын жүргізуді қолға алды.
1948 жылы институтты инженер-технолог силикатшы мамандығы бойынша тұңғыш рет 23 түлек бітіріп шықты. 1950 жылы институтты бітірген 29 түлектің екеуі Қазақстан кәсіпорындарына, үшеуі Өзбекстан, біреуі Тәжікстан, екеуі Башқұртстанға, екеуі Арменияға, алтауы Сібірге, Екеуі Қиыр Шығысқа, біреуі Орталық Ресейге, екеуі Украинаға жіберілді. Осылайша институтты бітірген мамандар бүкіл Одақ бойынша кең сұраныс тапқандығын көреміз.
1948-1957 жылдар ішінде институтты 532 маман бітіріп шықты. 1956 институт алғаш рет «Химия өндірісінің машиналары мен аппараттары» мамандығына студенттер қабылдады. 1957 жылы «Тоңазытқыш және компрессорлық қондырғылармен машиналар», «Ет және сүт өнімдерінің технологиясы», «Астық өңдеудің технологиясы және сақталуы» мамандықтары ашылды.
1957 жылы институтта Аркадий Владимирович Измаилов директор болған жылдары технологиялық және механикалық факультеттер жұмыс істеді.
Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Қ.Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол еңбек сіңіріп, оқу ғимараттар кешенін салу үшін қаржы бөлуге көп ықпал етті.
КСРО Жоғары білім министірлігінің бұйрығымен 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ технологиялық институтының кешкі филиалы ашылып, ол 1959 жылы күндізгі факультет құрылды. Осының негізінде кейінірек Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институты ашылды.
1963 жылы Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің бұйрығымен Семей қаласында Қазақ технологиялық институтының филиалы ашылып, соңынан Тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына айналды. Осылайша Шымкенттегі Қазақ технологиялық институты екі дербес жоғары оқу орнына өмірге жолдама берді, олар кейінірек ірі білім ошақтарына айналды.
1959 жылы институттың ректорлығына осы оқу орнының түлегі, 30 жастағы С.Т.Сүлейменов тағайындалды.
Сұлтан Тәшірбайұлы оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен ғылыми потенциалын өркендету жолында бар күш-жігері мен білімін жұмсады. Ол басқарған жылдар ішінде университеттің бас ғимараты мен «А», «Б» оқу корпустары, 4 бірдей студенттер жатақханасы, асхана, «Машат» шатқалындағы демалыс лагері, оқу-лабораториялық және спорт кешендері салынды. Сүлейменов басшылық еткен тұста институт құрамында 7 факультет, 33 кафедра, 304 оқытушы-профессорлар, оның ішінде 39 ғылым кандидаты мен доценттері дәріс беретін, 5 мыңға жуық студент оқитын еліміздегі ірі жоғары оқу орны ретінде белгілі болды. Институт аспирантурасын бітіргендерден 21 адам кандидаттық диссертациясын қорғап, 2082 түлек инженер мамандығын алып, халық шаруашылығының түрлі саласында жемісті еңбек етті.
1963-1964 оқу жылында студенттердің саны 4312-ге жетті, сәйкесінше қазақ студенттерінің саны 1212-ге жетті, олардың 195-і қазақ қыздары еді. Осы жылдар аралығында институт кітапханасындағы кітап қоры 7 мыңнан 111457-ге жетті.
1975-1980 жылдар аралығында оқу орнына З.Молдахметов басшылық етті. Осы кезеңде «В» оқу ғимараты тұрғызылды. Зейнолла Молдахметұлының бастамасымен 1977 жылы «Химия өндірісінің заманауи машиналары мен аппараттары» атты Бүкілодақтық 1-ші конференция өткізіліп, 1979 жылы теориялық химия бойынша бүкілодақтық мектептің негізі қаланды.
Ал осынау оқу орнына қатардағы ассистенттен оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтері баспалдақтарынан өткен Ш.М.Молдабеков 1980-1987 жылдарда басшылық жасап, осы кезеңде 2 студенттер жатақханасы, оқытушыларға арналған 2 тұрғын үй, «Машат» сауықтыру кешенінде көптеген жаңа құрылыстар бой көтерді, институт республика жоғары оқу орындары арасында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ең жақсы оқу орнына айналды.
Ғылыми зерттеу саласында да айтарлықтай үлкен табыстарға қол жеткізілді. Айталық 1980 жылы институтта 133 ғылым кандидаты болғанымен, ғылым докторлары мүлде жоқ еді. Еселі еңбектің, шынайы жанашырлықтың арқасында, айналасы 7-8 жылдың ішінде, нақтырақ айтқанда 1988 жылы ғылым кандидаттарының саны 276-ға, ғылым докторларының саны 13-ке дейін артты. Жаңа салалық және проблемалық ғылыми зертханалар, 3 ғылыми-өндірістік оқу кешені, кәсіпорындарда 7 филиалдар ұйымдастырылып, ғылыми зерттеулер өндіріспен тығыз байланыстырылды.
1988-1991 жылдары институтты М.Қ.Наурызбаев басқарған кезеңде «Г» және «Д» оқу-зертханалық ғимараттары пайдалануға берілсе, Т.Ш.Кәлменов жетекшілік еткен 1991-1997 жылдары Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орнымыз еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды.
Оқу орнына 1997-1998 жылдары А.И.Айнабеков ректор болған кезде коллоидтік химия, түсті металдар технологиясы, механика мамандықтары бойынша докторантура мен аспирантура ашылып, үздік студенттердің екінші курстан кейін Ресейдің оқу орындарында тегін білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ университетте «Оңтүстік Қазақстандағы ғылым мен білім» ғылыми журналы жарық көре бастады.
1996 жылы ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Үкіметтің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді. Шымкент педагогикалық мәдениет институтын 1967-1977 жылдары С.Т.Темірбеков, 1977-1996 М.Ж.Жүнісбаев, ал Шымкент дене тәрбиесі институтын 1990-1996 жылдары М.С.Сапарбаев басқарған еді.
1996 жылы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетіне ректор болып тағайындалған Е.Ө.Медеуов 1998 жылдан 2001 жылға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне басшылық етті. Ол жоғары білікті кадрларды сақтап қалуға үлкен көңіл бөле отырып, оқытушыларға қосымша жалақы төлеу жүйесінің енгізілуіне мейлінше күш салды.
Университеттің жаңа серпінді даму кезеңі Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаевтың есімімен байланысты. Ол өзі басқарған 2001-2011 он жыл ішінде ОҚМУ-ды еліміздің жоғары оқу орындары көшбасшыларының біріне айналдырды. Осы кезеңде университеттің отандық жоғары оқу орындары арасында бірінші болып жеті білім бағдарламасы бойынша (кейіннен және 6) халықаралық аккредитациядан өтуі де жайдан-жай емес. Рейтинг бойынша Қазақстанның көп салалы жоғары оқу орындары арасында соңғы 5-6 жылда университет ұдайы алғашқы бестіктен көрінді, ал ұтып алынған мемлекеттік білім гранттарының саны бойынша алғашқы үштікке енді.
2012 жылдан бастап оқу орнын Мырхалықов Жұмахан Үшкемпірұлы басқарып келді. Ж.Мырхалықовтың басшылығымен ғылымды басқарудың жаңа жүйесі енгізіліп, орындалып жатқан ғылыми және білім беру жобалар саны 3,5 есеге артты. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған «Инновациялық Қазақстан» республикалық жастар конкурсының нәтижесі бойынша М.Әуезов атындағы ОҚМУ Қазақстан Республикасының екінші инновациялық ЖОО болып танылды.
Тарихы тереңде жатқан өңіріміздегі оқу орнына бүгінгі күнде тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Д.Қожамжарова басшылық етеді.