— Қазақстан Республикасы Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысы өтті. Премьер — Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында инфрақұрылымды дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған жобасы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру жөніндегі шаралар туралы мәселелер талқыланды.Жиында сөз алған ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 792 млрд. теңге қаралғанын мәлімдеді. 1 қарашаға дейін оның 410,8 млрд. теңгесі немесе 51,9 пайызы игерілген. Нәтижесінде көлік инфрақұрылымды, энергетикалық инфрақұрылымды және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласын дамыту бағытындағы бірқатар шаруалар атқарылған. Мәселен, жоспар бойынша 3475 шақырымды құрайтын 19 жоба іске асырылып жатса, жыл соңына дейін оның 426 шақырымы пайдалануға беріліп, 453 шақырым жол ашылатын болады. Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі көлік инфрақұрылымының жағдайымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
— Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың өкімімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып Отарбаев Мәлік Нұржанұлы тағайындалды.
Мәлік Нұржанұлы 1980 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Ақжар ауылында туылған. Еңбек жолын 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде стажер-зерттеуші болып бастап, аталмыш факультте аспирант, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, бас үйлестірушісі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениетін дамыту ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі болып қызметтер атқарған. 2016 жылғы сәуір айынан Қазақстан Республикасы Түркия Республикасындағы елшілігінің Үшінші хатшысы лауазымын атқарып келді.
– Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жылдық қорытынды мерекесі аясында Түркістан облысында «Агрофест -2018» фестивалі өтті. Ала жаздай дала төсінде тер төгіп, еселі өнімге қол жеткізген өңір шаруаларының биылғы жетістігі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Яғни саладағы межеленген жоспарлар артығымен орындалып, ағымдағы жылы өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы құны 475 млрд тенгені құраған. Осындай көрсеткіштер арқылы Республика көлемінде 2 орыннан көрініп отырған облыстағы «Агрофест — 2018» фестивалі Түркістан қаласында кең көлемде аталып өтті.
— Түркістан облысында алдағы жылы жаңа 11 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Оның ішінде Түркістан қаласында 610 орындық облысық көпсалалы аурухананың құрылысы да жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облыстық денсаулық сақтау басармасының басшысы Мұқан Егізбаев өткізген есеп беру жиынында мәлімдеді.
— «Отандастар» қоры Қоғамдық даму министрлігі мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы біріге отырып, «Туған жерге тағзым» атты кең ауқымды жобаны бастады. Жобаға алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарымыз келіп қатысуда. Мұндағы мақсат Оңтүстік өңіріндегі тарихи-мәдени мұралармен және өзге де көрікті жерлерді шетел асып келген отандастарға таныстыру. Осы арқылы қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттап, туған жердің киелі әрі ыстық екенін отандастар жүрегіне жеткізу.
— Таяуда ғана Түркістан облысының әкімі есігін ашқан «Түркістан» интеллектуалды клубтың алғашқы қонағы белгілі саясаткер Айдос Сарым болды. Жаңадан құрылған облысқа алғаш келген саясаткер тұрғындармен және жастармен кездесуді ұйғарған. Еркін тақырыптағы кездесу барысында жаңа Түркістан облысының құрылуымен құттықтап, өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ оларды жүзеге асыру барысында өз үлесін қосуға да әзір екенін жеткізді. Алдағы жылдары дамыған Түркістан қаласын оқу мен білімнің және жастардың ортасы ретінде елестетінін айтты. Яғни, Түркістан Қазақстандағы Кембриджге айналуына қауқары жетеді. Өзінің ойын ашық айтқан саясаткер алдағы уақытта жиі келіп, осындай еркін форматтаға кездесулер өткізуді жоспарға алды.
– Биыл Республикалық маңызы бар қала статусына ие болған Шымкент шаһарында замануи үлгідегі көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Айталық бүгінгі таңда қала аумағы бойынша жалпы саны 184 тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатса, соны 68-і бюджет қаржысына, қалғаны жеке салымшылар есебінен бой көтеруде. Нәтижесінде биыл жыл соңына қарай бюджеттік 15 тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспана кезегінде тұрған азаматтарға қуаныш силайтын болады. Бұл туралы Шымкент қалалық құрылыс басқармасының өкілдері мәлімдеп отыр.