Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесінен тыс уақытта үстеме жұмыс атқаруына тоқтам қойылды. Енді бұл мәселе қатаң қадағалауға алынатын болады. 8 сағаттан артық жұмыс істесеңіз, жалақыңызға қосымша қаржы қосылуы тиіс. Бұл жағдай мегаполисте өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Мемлекеттің қызметтік көлігін қызметтік емес мақсатта пайдаланғандар да ескерту алуда. Дәл қазіргі уақытта осы мәселелерді тоқтату үшін рейд жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Елбасы Н.Назарбаев ағымдағы жылдың 5 қазанында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кейін қалып, үстеме жұмыс атқаруына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Бұл тапсырма назардан тыс қалмады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен Мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін көтеру бойынша жүйелі жоспарлап бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмыстарын тоқтату мақсатында рейдтік жұмыстар басталды. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде, бірқатар мемлекеттік органдардың, соның ішінде Абай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері жұмыс кестесінен тыс уақытта жұмыс атқару фактілері анықталған.
Конференцияда мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлік құралдарын мақсатсыз пайдалану мәселелсі талқыланды. Түркістан облысының білім басқармасының, Түркістан облысының экономика басқармасының, Түркістан облысы әкімі аппаратының, ҚР ауыл шаруашылық министрлігінің Түркістан облысы бойынша аумақтық инспекциясының қызметкерлері қызметтік автокөлік құралдарының ойын-сауық орталықтарының, мейрамханалардың және басқа да халық көп жиналатын орындарда болуы жағдайлары Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментімен анықталған. Жауапты қызметкерлер жауапкершілікке тартылды.
Мәжілісте қаралған кезекті мәселе – мемлекеттік қызмет және сыйбайлас жемқорлықтың алдын алу. Бұл жағдайды жөнге салу мақсатында «Шымкент — адалдық алаңы» жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамауды қалыптастыру. «Адалдық дүкені» алғаш рет М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған.
Маңызды мәжіліс соңында 9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні екендігін атап өтіп, әр мекеме осы дата қарсаңында іс-шара өткізу ұсынылды.
Тоғжан Нарбай.