Петропавлда соңғы үлгiдегi оқушылар сарайы ашылды. Аталмыш күнде оқушылар мен ата-аналарға ашық есiк күнi ұйымдастырылды. Балалар орталықтағы үйiрмелердiң жұмысымен танысып, қызықты турларға қатысты. Мектеп оқушылары IТ-технологиялардың қыр-сырымен танысуға мүмкiндiк алды. Кiшкентай қонақтарға мерекелiк концерт те ұйымдастырылды. Фито аймақта балалар үшiн робот-актер Теспианмен фотосет өткiзiлдi. Ашылу рәсiмiнде сөз сөйлеген облыс әкiмi Құмар Ақсақалов аталмыш нысанның маңыздылығын атап өттi, деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Оқушылар сарайы — Елбасының солтүстiкқазақстандық балаларға жасаған сыйлығы. Бұл барлық талаптарға жауап беретiн, әлемдегi озық IТ-технологиясы пайдаланылатын заманауи бiрегей ғимарат. Ондағы бiлiм беру, танымдық дәрiстер, робототехника, биотехнология, мехатроника, көркемөнер, мәдениет, шығармашылық, ойын-сауық үйiрмелерi, нақты ғылымдар орталығы — бәрi барлық деңгейдегi балаларға арналады. Оқушылар сарайы — балалардың бүгiнгi күнi орындалған арманы деп есептеймiн», — дедi Құмар Ақсақалов.
Оқушылар сарайында бiр уақытта 1800 бала айналыса алады. Қазiр орталықта 87 үйiрме ашылған.