Жаңа жылдан электр энергиясы мен тауарлық газдың бағасы арзандайды. Үкіметте Энергетика министрі салада жаңа тариф бекітелетіндігін мәлімдеді.
Бүгінгі Үкімет отырысы күн тәртібіндегі негізгі мәселе – бюджеттің игерілуі емес, өткен аптада басталған энергия дауымен ашылды. Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі отырысында қуат құнын төмендетуді қатаң тапсырып, бірқатар жауапты мекеме өкілдеріне сөгіс жариялаған болатын. Бағаны бақылай алмағандарды жазалау бүгін де жалғасты. Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика-вице министріне сөгіс жариялады. Ал жиында алғаш болып сөз алған Энергетика министі 1-ші қаңтардан бастап энергия өндірушілерге арналған шекті тарифтің бекітілетінін айтты.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
— Бүгінгі таңда негізгі электр станцияларын тексеру бойынша Бас прокуратурамен бірлескен жұмыс аяқталды. Министрлікте график бекітіліп, барлық энергия өндіруші ұйымдарды тыңдау басталды. Біз осы жұмысты ағымдағы жылғы 20 қарашаға дейін аяқтаймыз. Осы айдың соңына дейін тиісті бұйрық қабылдануы тиіс. Осыдан кейін ғана күн тәртібіндегі негізгі мәселеге кезек келді. Биыл Мемлекеттік бюджетке 6,4 триллион теңге мөлшерінде кіріс түсті. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда салық түсімдері 121 процентке артқан. Бұл дегеніңіз 783 миллиард теңге. Еліміздің Қаржы министрі Әлихан Смайылов салықтың өсуіне алып келген төрт факторды түгел атады.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
— Біріншіден, Экономикалық жағдайдың жақсаруы. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында экономиканың негізгі салаларында тауарлар мен қызметтер көлемі өндірісінің өсуі байқалады. Екіншіден, негізгі, экспорттық позициялар бойынша бағаның өсуі. Үшіншіден, Сыртқы әсерлерге байланысты. Оның ішінде мұнайдың және АҚШ долларының өсуі, макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы. Төртінші, Салықтық және кедендік әкімшілендіру.
Қаржы министрі баса назар аударған тағы бір мәселе – игерілмеген қаражат. Республикалық бюджеттің 100 миллиард теңгесі атқарылмаған. Оның 13 проценті ғана үнемдеуге арналса, қалған 87 миллиард теңге кей ведомстволардың қазынасында әлі жатыр. Бөлінген қаржыны жоспарлы түрде жұмсай алмай отырғандарды Әлихан Смайылов жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
— Қаржы жылының аяқталуына шамалы уақыттың қалуына қарамастан игерілмеу әлі де орын алып отыр. Осы аталған әкімшілердің лауазымды тұлғаларын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсынысты Сіздің атыңызға Қаржы министрлігі енгізді.
Ал еліміздің аймақтарында игерілмеген қаражат 24 миллиард теңгенің шамасында. Астана мен Алматы қалалары, сондай-ақ Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарында түрлі мақсатқа бөлінген қаржы толық жұмсалмаған. Оның негізгі себептері – конкурстардың уақытында өткізілмеуі, көрсетілетін қызмет пен жүргізілетін жұмыстың кестеден кешігуі және шарттардың дер кезінде жасалмауы. Қазір бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру мәселесі қайта қаралып жатыр. Оның қорытындысы екі күннен кейін белгілі болады. (Фото zanmedia.kz).
Дереккөз: 24.kz.