Қазақстанда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев IT-таланттардың жаңа ұрпағын қалыптастыруды ұсынды.
«Бізге IT-таланттардың жаңа ұрпағын қалыптастыру керек. Басты міндет – білімді, талантты және қабілетті балаларға ықпал ету және көмек көрсету. Біз жеке бастамаларды, бағдарламалау мектептерін, спартакиадаларды, робототехника және киберспорт олимпиадаларын жан-жақты қолдаймыз», — деді Н.Назарбаев сейсенбі күні Astana Hub ашылуында.
Бұдан басқа оның айтуынша, ЖОО-ларда оқу бағдарламалары жаңартылған, қазіргі таңда халықаралық нарыққа өз еңбектерімен шыққан жастар да бар.
«Бұл Рүстем Әділбеков, Алена Ткаченко, Олжас Сатиев, Арман Сүлейменов. Мен біздің балаларымыздың жетістіктеріне қуанамын және бұл тек бастамасы деп ойлаймын. Мен осында зертханаларда стартаптармен айналысатын балалардың барлығының көзі жанып тұрғанын байқадым. Мен аттары әлемге танылатын талантты азаматтарды өсіріп шығарамыз деп ойлаймын. Олардың жетістіктері – өз идеяларын жүзеге асыруға деген табандылығы мен жігерлілігінің жарқын дәлелі», — деді Президент.