9 қарашада Петропавлда өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15 Форумында 30 шақты құжатқа қол қою жоспарлануда, деп мәлімдеді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
«9 қарашада Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» тақырыбында Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы өтеді. Іс-шараға министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері, Қазақстан мен Ресей өңірлерінің басшылары, туризм саласындағы бизнес өкілдері қатысады», .- деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
«Форум аясында Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысы, Қазақстан-Ресей туристік көрмесі, пленарлық отырыс өтеді, сондай-ақ үкіметаралық, өңіраралық және коммерциялық бағыттағы 30 құжатқа қол қою жоспарлануда», — деді ол.
Оның айтуынша, алдағы іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы, туристік индустрияға өзара инвестициялардың келуін ынталандыру болып табылады.