ҚР Инвестициялар және даму және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде қызметкерлердің жұмыс режимі бұзылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сегіз сағаттық жұмыс күнінен кейін мемлекеттік органдардағы компьютерлердің өшірілуін қадағалауды тапсырған болатын.
Бүгін Агенттікте өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев екі министрлікте сегіз сағаттық жұмыс режимінің бұзылғаны анықталғанын айтып өтті.
«Рейдтік іс-шаралар барысында бірнеше қызметшілер жұмыс уақыты режимін бұзғаны анықталды. Мысалы, Инвестициялар және даму және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде жұмыс аяқталғаннан кейін кешігудің бірен-саран фактілері белгілі болды. ИДМ қызметкерлері кідіріс себебі ретінде жауапты хатшының аппараттық кеңесіне және Үкімет отырысына материалдар дайындау себебін көрсетті. ИДМ өкілдерінің жұмыс уақытын сақтамау фактілерін жою бойынша ұсыныстар ретінде икемді жұмыс кестесін енгізуді ұсынды», — дейді ол.
Равиль Төлебаевтың айтуынша, Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкері жұмыс режимінің бұзылуын жоғары тұрған мемлекеттік органдардан келіп түскен тапсырмаларына байланысты екенін атап көрсеткен.