2 қазанда Лондонда Kazakhstan Global Investment Forum 2018 өтті. Шараға 150-ден астам бизнес өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев басшылық етті.
Форум бизнес пен инвестициялар саласындағы жаңа мүмкіндіктерге, сондай-ақ, Қазақстан экономикасының аса жылдам дамушы секторларында қазақстандық–британдық жобалардың келешегіне арналған. Басты тақырыптар — салықтық және кедендік жеңілдіктерді қоса алғанда, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту саласындағы өзекті жаңашылдықтар, мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы, Еуропа мен Азия тоғысындағы ҚР-ның қолайлы географиялық жағдайы, «Бір белдеу, бір жол» қытай бастамасына және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуы, сондай-ақ, аумағында ағылшын құқығының нормалары әрекет ететін АХҚО қызмет етуі болды.

Қатысушылардың қатарында өңдеу саласы, ауыл шаруашылығы, химия, тау-кен өнеркәсібі және қаржы секторлары, сондай-ақ, металлургия, баламалы энергетика, логистика және цифрлық технологиялар саласындағы ұйымдардың 150-ден астам басшылары, сондай-ақ, «Mitsubishi UFJ Financial Group», «JP Morgan Bank», «Deutsche Bank», «Morgan Stanley», «Ernst & Young LLP», «PricewaterhousCoopers», Лондон қор биржасы секілді ірі халықаралық корпорациялардың өкілдері болды.Форум ашылуында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А. Жұмағалиев, АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов, ҚР инвестициялар және даму вице-министрі А. Қабыкенов және «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы С. Тұяқбаев сөз сөйледі.
«Қазақстан өздерімен экономикамызды табысты әртараптандыруға және оны жаһандық жүйеге біріктіруге қажетті қаражат, технологиялар мен бизнес жүргізудің үздік тәсілдерін әкелетін британдық инвесторларды тартуға мүдделі», — деді А. Жұмағалиев форумда сөз сөйлеу кезінде. Ұлыбритания — Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ірі инвесторлардың бірі. Оның үлесіне тәуелсіздіктің 27 жылында тартылған $300 млрд-тың $13 млрд-ы тиесілі.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының» басқарушысы Қ. Келімбетов өз сөзін АХҚО-ның жұмыс істей бастауына орай инвесторлар үшін туып отырған мүмкіндіктерге арнады. Мәселен, АХҚО өз қатысушыларына 50 жылға дейін арнайы салық режимін ұсынады, ағылшындық жалпы құқық нормалары негізінде дауларды шешудің тәуелсіз жүйесіне кепілдік береді. Қаржы орталығының ресми ашылуы биыл шілде айында болды.










