Ерлан Қошанов осылайша жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттырмақ.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өзінің орынбасарларын, басқарма төрағаларын және қала әкімдерін қоғамдық көлікпен жүруге мәжбүрледі.
Облыс басшысы қарамағындағылардың қоғамдық көлікпен жүру уақытына қатысты кесте құруды тапсырды.
Жуырда облыс және қала шенеуніктері Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында қоғамдық көлікпен жүруден алған әсерлерін бөліседі.
Қошановтың бұлай жасауына жуырда Қарағандының автобустары мен троллейбустарына орнатылып жатқан электронды төлем жүйесі себеп болған. Яғни әкім бұл жаңа төлем жүйесін қарамағындағылардың көмегімен тексеріп көрмек.
Облыс әкімінің айтуы бойынша, қалалық жолаушылар тасымалы үнемі бақылауды талап етеді.
«Сендер дұрыс бақыламайсыңдар. Мен де көріп отырмын. Біз бұрынғыға қайта оралып жатырмыз. Тазалық, жүйелілік, сапа және қызметкерлердің әдепті болуын үнемі бақылап отыруымыз қажет. Кесте құруды тапсырамын: менің орынбасарларымнан бастап басқарма төрағалары қоғамдық көлікпен жүретін болсын. Бұл тізімге Қарағанды әкімі де өзінің орынбасарымен бірге енгізілсін», — деді Ерлан Қошанов аппараттық жиналыс кезінде Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровке.
Kaz.caravan.kz