ҚазАқпарат — Халықаралық проблемаларға байланысты Астана мен Анкара бір-бірімен ашық пікір алмасып, кеңесе алады.
Бұл туралы бүгін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Бүгін Түркия Президентімен арамызда мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер болды. Бұл кездесу осы заманның өзекті мәселелері жөнінде ой-пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы халықаралық проблемаларға байланысты Астана мен Анкара бір-бірімен ашық пікір алмасып, кеңесе алатынын тағы да бір атап өткім келеді.
Күн тәртібіндегі аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Соның арқасында елдеріміз көпжақты халықаралық басқосуларда тығыз ықпалдастық орнатып келеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осы сапары аясында өткен Түркия-Қазақстан жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысында екіжақты іс-қимылдар жан-жақты талқылағанын баса айтты.
«Оның нәтижелері екі елдің қарым-қатынастарын одан ары жандандырады деп сенемін. Қазақ-түрік саяси диалогының аясы кеңейіп келеді. Бұл бағытта өзара сапар алмасып, жиі кездесіп тұруға келістік.
Мұның алдында өздеріңіз білесіздер, Қырғызстанда өткен Түрік кеңесі жиналысында барлық бауырлар бас қосып, көп мәселелерді талқыладық.
Өз заманында менің ұсынысыммен осы кеңес құрылған еді. Қазіргі жағдайда түркі тектес елдердің барлығына елдің ішіндегі жағдайларын түзеп, бізбен бауырлас болып жұмыс істеуге ыңғайлана түскендігі қуантады.
Енді мені «түркі әлемінің ақсақалы» деп айтқаннан кейін ондай кездесулер, әрине, қуантады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Президент сөзінде Қазақстан үшін Түркияның саяси тұрақтылығы мен тыныштығы маңызды екендігін атап өтті.