ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті елімізде бүгіннен, яғни 1 қыркүйектен бастап күзгі-қысқы аңшылық маусымы басталғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
«Бүгін, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде республикада негізгі қысқы-күзгі аңшылық маусымы басталды. Аң-құстардың түрлеріне қарай бұл маусым 2019 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады» делінген хабарламада.
Комитеттен хабарланғандай, аталған аралықта сүтқоректілердің — 34, құстардың — 59 түрін аулауға рұқсат беріледі. «Қыркүйек айынан бастап марал, аю, сібір тау ешкісін, сібір елігін, қабанды, шілді, қарабауыр мен жабайы құстардың түрлерін (қаз, үйрек) аулауға рұқсат беріледі.
Аңшылық республика аумағындағы 701 аңшылық шаруашылықта жүргізіледі», — делінген комитеттің хабарламасында.
Комитет бұйрығына сәйкес, аңшылық кәсіптен бөлек, бір аңшы қанаттылар мен үлпек жүнділердің бір түрінен тәулігіне бесеуінен артық ауламауы керек. Қазақстан Республикасының аумағында аңшылық ҚР АШМ бұйрығымен бекітілген ереже бойынша жүргізіледі.