Әл-Фараби ауданы бойынша «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылды. Мақсат мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыра отырып жеке меншіктегі нысандарға еркін кіріп-шығуды қамтамасыз ету. Акция барысында арнайы құрылған мобильдік топпен арнамыздың түсірілім тобы да ғимараттарда орналасқан пандустардың жағдайымен танысып қайтты.
Шыны керек мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын көп жағдайда түсіне бермейтініміз рас. Олар қажетінше қатынайтын мекемелер, дүкенде, дәріханалар сияқты көптеген нысандарда жүріп-тұрулары үшін арналған пандустар тым аз немесе мүлдем жоқ. Барларының өзі талапқа сай емес. Бірі тым биік болса, тағы бірі тарлау әрі тайғақ. Мүмкіндігі шектеулі азаматарға бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлінуде. Елбасының әр жылғы Жолдауында жарымжан жандардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау мәселесі айрықша назарға алынып келеді. Әл Фараби ауданы бойынша ұйымдастырылған «Біз біргеміз» акциясының басты мақсаты да осы мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыру болып табылады.
Әл-Фараби ауданы бойынша 64 мемлекеттік мекеме және 1011 жекеменшік нысан орналасқан. Бүгінде жекеменшік 971 нысанға толықтай пандус орнатылған. Ал қалған 216 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 176 жекеменшік нысандарға пандус орнатылды, қалған 40 нысанға жыл соңына дейін қойылатын болады. Мүгедек жандарға қолжетімді орта құру үшін жеке меншік нысандарға методикалық көмек көрсететін және зерделеу жұмыстарын жүргізетін топ құрылған. Аталған топ құрамында облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің маманы, мүгедектердің қоғамдық ұйымдарының өкілдерінен құралған. Акция барысында пандустардың нормативтік талаптары бойынша мекеме өкілдеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кемшіліктерін жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус орнату мәселесі еліміздегі «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңында да анық көрсетілген.Сондықтан олардың қоғамға араласып, қажетті нысандарға емін-еркін кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасау – әрбір мекем, ұжымбасшыларының басты міндеті. Егер Заңның талаптары орындалмаған жағдайда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес, құзырлы мекемелер тарапнан айыппұл салынатын болады.
Жансая ЕЛЕМЕСОВА.