Қостанайда «Беларус» тракторы құрастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресейлік «Композит Групп» холдингі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін жылына 3 мың «Беларус» тракторын құрастырып шығаруды көздеп отыр. Бұл туралы аталған холдинг директорының орынбасары Андрей Гамаюнов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысумен өткен жиында мәлім етті.
«Жалпы құны 2 млрд теңге болатын инвестициялық жоба 150 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Мамандар жергілікті тұрғындардан іріктеп алынады. Оларға алдын ала арнайы оқу курстары өткізіледі. Үйретушілер қатарында ауылшаруашылық техникаларын жетік білетін білікті мамандар болады», — деді ол.
Ресейлік инвесторлардың трактор шығаруды Қостанай аймағында қолға алуының өзіндік себебі бар. Өйткені, Қостанай — Ресей нарығына жақын жатқан агроөнеркәсібі дамыған өңір. Сондықтан өнім экспорттауға аса қолайлы. Мұның сыртында, астықты аймақта техника паркін жаңартуды қажет ететін шаруашылықтар да жетерлік. «Беларус» бөлшектері Қостанайға осы аптадан бастап жеткізіліп, бірден құрастырыла бастайды. Облыс әкімі аталған инвестициялық жобаны қолдайтынын білдірді.
«Республика бойынша шамамен 8 мыңнан астам МТЗ тракторы бар. Оның жартысынан көбі жаңартуды қажет етеді. Өңірде жаңа қолға алынып жатқан мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын ілгерілетуге дәл осы үлгідегі тракторлар қажет. Оның үстіне, өзгелермен салыстырғанда, бұл тракторлар анағұрлым арзан. Сондықтан өзімізде және облыстан тыс аймақтарда неше трактор бар? Олардың жай-күйі қалай? Неше техника жаңалауды қажет етеді? Осы мәселелерді нақты талдап-біліп, анықтау қажет. Іргелес облыстардың өкілдерін шақырып, 920 моделді тракторларды өткізу туралы меморандумға қол жеткізу керек», — деді Архимед Мұхамбетов.
Айта кетейік, алдағы уақытта өңірде «Кировец» тракторларын шығаратын зауыт іске қосылады.