Түркістан облысында цифрландыру жүйесі 5 бағыт бойынша жүзеге асып келеді. Бастамада пилоттық жоба ретінде былтыр білім, құрылыс, ауылшаруашылығы қолға алынған болатын. Қазіргі таңда сол заманауи технологиялардың көмегімен іске асып жатқан жаңа бастама өңірімізде оң нәтижесін беріп отыр. Бүгінде Түркістан қаласында да тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, мемлекеттік қызмет көрсету, туризм, денсаулық сақтау салалары да заманауи бағдарламаға енгізілуде. Бұл туралы бүгінгі өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев мәлімдеді.
Елбасының соңғы Жолдауында цифрландыру жүйесі басты назарға алынған. Осы орайда қазіргі таңда Түркістан облысында осы бағытта бірқатар жобалар іске асырылуда. Солардың бірі білім беру саласы. Цифрландырудың арқасында бұл салада да тың серпін бар. Жаңа процестерді қолдану арқылы аталған бағытта мектеп шәкірттерінің оқу үлгерімін бақылау, сондай-ақ ұстаздардың қағазбастылықтан арылуына мүмкіндік туып отыр. Жалпы облыс бойынша 456 639 бала санымен 901 жалпы білім беру мектептері бар. Цифрлық индустрияны дамыту Білім беру министрлігінің үлкен қызығушылығын туғызды және мемлекеттік қызметтер стандарттарына өзгерістер енгізуді мақсат тұтты. Бүгінгі таңда бұл жүйе басқа өңірлерде әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты азайтуда тиімді құрал ретінде пайдаланылуда.
Денсаулық сақтау саласында дәрігерді үйге шақырту, дәрігерлердің қабылдауына жазылу, медициналық ұйымдарға тіркелу қызметтері бойынша жиынтық медициналық ақпарат жүйесі облысымыздағы 49 емханада жүзеге асырылған. Түркістан облысы бойынша қағазсыз технология 2018 жылдың 2 сәуірінде іске қосылған. Осы орайда медициналық құжаттаманы қағазсыз негізде жүргізу 49 дан 16 пайызға төмендеген. Басқарма басшысының айтуынша жыл соңына дейін денсаулық сақтау саласын 100 пайыз қамтамасыз ете отырып, дәрігерлер мен пациенттердің уақытын 50 пайызға қысқарту, сондай-ақ алдын-ала жазылудың үлесін 30 пайызға көтере отырып, «Тірі кезекті» 30 пайызға төмендету көзделмек.
Тұрғын-үй және комуналдық шаруашылық саласы бірнеше бағытта цифрландырылмақ. Бірінші бағыт есептеу құралдарының көрсеткіштерін автоматты түрде жинақтап, біріңғай интелектуалды ақпарат жүйесіне енгізу сатысына өту. Бұл тұрғыда «Ақылды қала» жобасы бойынша Түркістан қаласында 10 үй, 600 пәтерде іске асырылмақ.
Содай-ақ қазіргі таңда облыс аудандары толықтай кең жолақты интернет желісімен қамтылмаған. Тіпті тартылған күннің өзінде де ғаламтордың жылдамдығы өте баяу. Осы орайда түрлі байланыс орталықтарын тарта отырып спутниктік жүйені құру қарастырылуда.
Сонымен қатар цифрландыру барысында көлік саласы мен қауіпсіздік саласы да шет қалмады. Бүгінде көлік компаниялары мен инвесторлар арасында электронды билетті енгізу туралы меморандумға қол қойылды. Пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласында бұл жүйе GPS трекері арқылы 22 автобуста орнатылмақ. Сондай-ақ қауіпсіздік саласында маңызды трассаларда қолданылатын, жылдамдықты асыру бұзушылықтарын суретке түсіріп алатын 6 мобильді кешен және қосымша 5 жиынтық кешен орнатылмақ.
Түркістан облысындағы цифрландыру жүйесі — алдағы уақытта еліміздің инновациялық дамуына және ғылыми-техникалық прогрестерді дамытуға негіз болатын ақылды жүйелерді ары қарай жандануына мүмкіндік сыйлау.
Жансая Елемесова