Астанада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысына қатысты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Комиссия шешімімен стипендия әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша оқуға және тағылымдамадан өтуге жіберілетін 76 үміткерге тағайындалды», — делінген бейсенбіде Ақорда сайтында жарияланған хабарда.
Комиссия отырысы аясында Білім және ғылым министрлігінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының іске асырылуы жөніндегі ақпараты тыңдалды, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселелер қаралды.
Гүлшара Әбдіқалықова басқосуда сөйлеген сөзінде Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа биылғы жолдауында адами капиталды дамыту маңызды міндеттің бірі ретінде аталғанына тоқталды.
«Қазақстанның одан әрі дамуы мүлде өзгеше ойлау жүйесін қалыптастыруды және тез үйреніп, бейімделе білу қабілетін талап ететін цифрлық дәуірдің жаңа жаһандық трендтеріне сәйкес жүргізілетін болады. Ол үшін біз, ең алдымен, білім саласын жаңа инновациялық индустрияландыру талаптарына бейімдеуіміз қажет», — деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова жиын қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Бұған дейін хабарланғандай, «Болашақ» стипендиясы бойынша оқудан кейін жұмыс жасау мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту, тіпті өңірге барып жұмыс жасайтын болса 2 жылға дейін қысқартуға болады.