Сәрсенбінің сәтінде «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов Қырым Республикасына аттанғалы отырған бір топ делегацияны қабылдады.
Игі тірлікке жол тартып бара жатқан топты Облыс мәслихатының депутаты Дулат Әбіш жетекшілік етуде. Делегация құрамында ҚР «Білім беру ісінің үздігі», Елбасының курстасы, ОҚО «Құрметті азаматы» Марат Қыстаубаев, Қырым Республикасына қарасты Керчь қаласында ерлік көрсетіп қаза тапқан Нұрмахан Тұрсынбековтың туысы Айымхан Баймаханова, еңбек ардагері Махмұдбек Мухамедов, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабек Жүнісұлы тағы басқа азаматтар бар.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының құрамындағы Қырым Республикасына жол жүргелі жатқан топтың негізгі мақсаты – батыр жауынгерлердің ерлігін насихаттап, арнайы фильм әзірлеу. Түлкібас ауданында дүниеге келіп, Керчь қаласына қарасты Эльтиген селосында қаза тапқан қандасымыздың жатқан жеріне барып, белгі тас орнатпақ. «Ұлы балалар ізімен…» жобасы аясындағы жат жұртта қалған тарихи тұлғалар насихатталмақ.
3-12 мамыр аралығында Қырым елінде болатын топқа облыстағы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов сәтті сапар тілеп, Шымкенттегі «Даңқ» аллеясындағы мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды.