Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру бойынша Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстары көш бастап тұр. Алайда кей өңірлерде жұмыс баяу жүріп жатыр. Бүгін Үкімет басшысы осы мәселеге назар аударып, бар проблема бюджеттен қаржы алып, оны игеруге байланысты болып отырғанын тілге тиек етті. Өңір басшыларына осы бағыттағы міндеттерді қайта қарауды тапсырып, «бұл іске кәсіпкерлерді тартқаннан кейін тарифтерді өзгертіп жатамыз», – деді. Осылайша іскер азаматтарды банкротқа ұшырауға итермелейміз. Мұндай олқылықтарға жол бермес үшін Премьер-Министр бизнесмендермен ақылдаса отырып, шешім қабылдауды қадағалау керектігін атап өтті. Сондай-ақ Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында студенттерге жатақхана салу мәселесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шешілуі тиіс. Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі: — Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда оң серпінді атап өтеміз және тиімділікті арттыру үшін мыналар ұсынылады. Бірінші, орталық және жергілікті атқарушы органдарға рәсімдерді жеңілдету бойынша жаңалықтарды ескере отырып, бастамашылық жасалған барлық жобаларды конкурс сатысына жеткізу керек. МЖӘ жобаларын сапалы іске асыру бойынша қабылданған міндеттемелердің толық орындалуына қамтамасыз ету керек. Ал денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 175 жоба іске асады. Қазірдің өзінде жалпы құны 30 млрд теңгеден асатын 50 жоба бойынша келісімшарт жасалған. Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: — Аталған жобалар дәрігерлік амбулаториялардың, емханаларды, стационарлардың салынуын және медициналық техникамен жабдықтап пайдалануға беруді көздейді. Қазіргі таңда қосымша 125 жоба әзірленуде. Оның ішінде 25 жоба конкурс және жекеменшік қаржылық бастама шеңберінде келіссөздер сатысында.
Дереккөз: 24.kz