Халық қаржының электрондық нұсқасын алып-сатарда абай болуы керек.
Әлемде криптовалюта бағамының күрт шарықтауына байланысты Түркия премьер-министрінің орынбасары Мехмет Шимшек пен елдің экономика министрі Нихат Зейбекчи осындай мәлімдеме жасады. Үкімет жетекшісі орынбасарының айтуынша, биткоин құны қалай тез өссе, дәл солай құлдырауы мүмкін. Тіпті Мехмет Шимшек биткоин төңірегіндегі дүрлікпені XVII ғасырда Нидерландта болған «Қызғалдақ дағдарысымен» байланыстырады.
Айта кетейік, әлемдегі тұңғыш электронды ақшаның құны бір жылда 20 есе өсіп, қазір 20 мың АҚШ долларына жетті.
Садык Услу, қаржыгер:
– Биткоин тұралап қалған қазіргі қаржы жүйесіне бір жаңашылдық ретінде енгізілді. Алайда бұл виртуалды ақшаға деген үміттен гөрі күдік басым. Өйткені оның қазіргі нарықтағы құны инвесторлардың саны мен салымына байланған. Егер нарықтағы ойыншылар бұл қаржыны құнды қағаз не мүлік күйінде айналымнан шығарғысы келсе, жүйе құлдырауы әбден мүмкін. Бұл жеке инвестор үшін және қазіргі әлемдік қаржы жүйесіне үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан биткоинға қаржы салып, пайда тапқыңыз келсе, оны жоғалтуға да дайын болыңыз.
Дереккөз: 24.kz