Ленинград қаласын немiс басқыншыларынан азат ету мақсатында 59 224 қазақстандық шайқасқан. Оның iшiнде 35 мыңға жуық жерлестерiмiз ерлiкпен қаза тапты.
«Айғақ» Медиа» ЖШС-нiң басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбiш жетекшiлiк ететiн топ батыр қандастарымызды еске алу мақсатында жерленген жерiне барып, рухтарына тағзым жасады. Жамбыл Жабаевтың ескерткiштерiне гүл шоқтары қойылды.
Сапар Пискарев мемориалдық кешенiнде жалғасты. Мұнда жерлесiмiз Баймырза Сапарбаев пен өзге де батырларымызға құрмет көрсетiлiп, гүл шоқтары қойылды. Жұма күнi Қазақстаннан барған делегаттарды Лениград облысының вице-губернаторы Герман Мозговой арнайы қабылдады. Есiмдерi тарихта қалған ержүректерiмiздi ұмыт қалдырмаған шығармашылық топқа сәттiлiк тiледi.
1902 жылы Сайрам ауданында тұратын қазақтың қара шаңырағының бiрiнде Баймырза есiмдi ұл дүниеге келедi. Ол азамат болып ержетiп, отбасын құрып, 4 баланың әкесi атанып, тату-тәттi елде өмiр сүрiп жатқанда, ел басына күн туып, аласұрған заманның аласапыран оқиғасына тап болады. Яғни, 1941 жылы дүниежүзiлiк соғыс басталып, Баймырза Сапарбаев қырық жасында қырғынға аттанып кете барды. Сол сәтте артында ұл-қыздары мен аяулы жары ботадай боздап, үкiлi үмiтпен қол бұлғап, көздерi жасқа толып қалған болатын. Бiрақ, ешкiмдi аямайтын сұм соғыс үмiттiң жiбiн үзiп, талай баланы әкенiң қамқорлығынсыз қалдырып, жазылмайтын жараны жүрекке салып кетті.
1942 жылы Ленинградты азат ету жолында ерлiкпен қаза тауып, “Пискарев” мемориалды зиратына жерленген Баймырза Сапарбаевтың рухына тағзым етуге ұлы Махамбет Сапарбаев шығармашылық топпен бiрге сапарға аттанған еді.
“Пискарев” мемориалдық кешенi — соғыс жылдары 420 тұрғын және 70 мың жауынгер жерленген ең үлкен зират. Мәңгілік алау оты жағылған қаралы қабiрдегi қандастарымызды Оңтүстiк Қазақстан облысынан ұрпақтары iздеп барды. Жауынгер аталарының ерлiгiне бас иiп, гүл шоқтарын қоюды мақсат тұтқандардың жанарлары мөлтiлдеп, жүректерi дiрiл қақты.
Сапар барысында облыстың Құрметтi азаматы, спорт ардагерi Махамбет Сапарбаев пен жазушы Серiк Жанәбiл «Союзники Победы» медалiмен марапатталды.
Ленинград облысының бiр қиырында жатқан Невская Дубровка елдi мекенiнде сапар жалғасты. Бiр кездерi соғыстың қызу нүктесiне айналған ауылдар бүгiнде Президенттiң тапсырмасымен толық жаңартылып жатыр екен. Яғни, ескi үйлер бұзылып, орнына су жаңа баспаналар бой көтеруде. Бiрақ, соғыс жылдарындағы естелiктер сол қалпы сақталып, құнды ақпараттар мұрағатта қалған.
«Невский пятачок» мұражайы баға жетпес рухани байлықты жинақтап отырған мекеменiң бiрден-бiрi.
Ленинград қамалы және қорғаныс мұражайында болып, ол жерде сақталған соғыстағы әскери заттарды көзбен көрдi. 900 күн адам айтса сенгiсiз сәттердi бастан кешiп, азап шеккен Ленинград қаласындағы тұрғындардың 1941-1945 жылдардағы хал-жағдайын ұқты.
2015 жыл.