Ресей Федерациясындағы Воронеж қаласы 212 күн фашистердiң қоршауында қалып, Кеңес әскерлерi азаттық үшiн жанын берген даңқты қала. 1942-43 жылдар аралығында Воронеждiң аспанын жетi ай бойы қара түнек басып, атылған снаряд пен бораған оқтан көз ашу мүмкiн болмаған.
Жырақта жау қолынан қаза тапқан боздақтардың жүрiп өткен жерiмен жүру, Ұлы Жеңiстi жақындатқандарды ұлықтау мақсатында — «Айғақ» қоғамдық телеарнасының бас директоры Дулат Әбiш, Шымкент қаласының Құрметтi азаматы, жазушы Серiк Жанәбiл, өмiрден өткендердiң рухына құран бағыштау үшiн имам Әдiлбай Тойшиев және арнаның түсiрiлiм тобы Воронеж қаласына жол тартты. Мәскеу қаласынан 587 шақырым қашықтықта, Украина Республикасымен шекаралас жатқан өңiр соғыс жылдарында 95-96%-ға дейiн қирап, күл-талқан болған екен. Бүгiнде сол бiр аянышты көрiнiстiң бiрi де қалмаған. Яғни, шаһар толығымен өзгерген. Оңтүстiктен барған делегация Воронеж үшiн болған шайқас және ерлiк көрсеткен батырлар туралы нақты деректердi бiлу мақсатында «Арсенал» мұражайына ат басын бұрды. Қазақстандық делегацияны қуана қарсы алған мекеме қызметкерлерi соғыс туралы өкiнiшпен баяндады. Мұнда, 1942 жылдық шiлдесiнде Воронеж территориясында басталған шайқастағы әскери заттар, суреттер, көрiнiстер мұражайдың қабырғаларында iлулi тұр.
Воронеж қаласының маңындағы бауырластар зиратында Тасқара Қожақанов жерленгенi белгiлi. Сол кезде артында қалған ұлы Әбдiғани Ташқараев бейiтiнiң басына барып, әкесiне Құран оқытып қайтыпты. Ұлдың сағынышын, елдiң алғысын арқалаған туған өңiрi оңтүстiктен бiздiң шығармашылық топ та Тасқара Қожақанов жатқан жерге табан тiредi. Ну орманның маңында орналасқан №317 бауырластар зиратында түрлi ұлттың өкiлдерi жерленiптi.
Воронеж шайқасында қайталанбас ерлiгiмен тарихта қалған қырғыз азаматы Кеңес Одағының Батыры Чолпонбай Тулебердиев амразураны құшақтап, талай қаруластардың өмірін сақтап қалған. Тынық Донның жағасында, Воронеж қаласынан 150 шақырым қашықтықта Селявное елдi мекенiнiң маңында жатқан батырдың бейiтi қырдың ең биiк нүктесiнде орналасыпты. Қырғызстандағы Талас ауданында дүниеге келiп, Тынық Донның жағасында өмiр жолы аяқталған Чолпанбай Тулебердиев осында жатыр.
Сапар барысында Кеңес Одағының Батыры Андрей Пшеничныхтың кiндiк қаны тамған ауылында болдық. Соғыста барлаушы болған бұл азамат 1945 жылдан кейiнгi ғұмырын Оңтүстік Қазақстан облысында өткізедi. Нижный Икорец деп аталатын елдi мекендегi мектепке батырдың есiмi берiлiп, бiлiм ошағындағы мұражайда қажеттi материалдар қойылыпты. 1992 жылы қайтыс болған Кеңес Одағының Батыры Шымкент қаласындағы «Қасiрет» мемориалының жанындағы зиратта жерленген.
Тарихтың кейбiр бетi осылайша көңіліңе кiрбің салып, жүрегiңдi сыздатады. Десе де, бiз жұдырықтай жұмылып, қасiреттi бiрге өткiзген қазақ елiнiң ерлерiн ұмытпаймыз. Бүгiнде бiздiң азаматтық мiндетiмiз — болашақ ұрпаққа ерлер есiмдерiн паш етiп, өткендi жаңғырту. Воронеж қаласының қазақпен ұштасқан байланыстары, мiне осындай.