Курск шайқасына — 70 жыл
“Айғақ” телеарнасының басшысы облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбiш бастаған түсiрiлiм топ құрамында облыстық этно-мәдени орталығының мүшесi Усманали Қадыров пен Кеңес Одағының Батыры, Курск шайқасына қатысқан жерлесiмiз Зиямат Хусановтың немересi Отабек Хусенов та Ресейге сапар шектi.
Бізді Курск қаласының басшысы Ольга Германова қабылдады.
Қала басшысының сұхбатынан соң, түсiрiлiм топ қаладады Г. Жуков атындағы №43 орта мектебiнде болды. Курск шайқасының қолбасшысы, маршал К. Рокосовскийдiң ескерткiшiне гүл шоғын қойып, мектеп қабырғасындағы Ұлы Отан соғысына арналған мұражаймен танысты.
Мұнан соң,“Курск доғасы” мемориалды кешенiне ат басын тiредiк. Жалпы, аумағы 1 200 шақырым жердi алып жатқан кешендi Ресей Президентi В. Путин ашқан. Победа проспектiсiнiң бойында орын тепкен мемориалды кешен алдымен Жеңiстiң 55 жылдығына орай бой тiктеген.Триумфальдi арканың биiктiгi 24 метрдi құрайды. Арканың ұшар басында Георгий Победоносецтiң атқа мiнген бейнесi кескiнделген. Арканың 4 бұрышында әр дәуiрдегi орыс жауынгерi бейнеленген. Кешенде маршал Г. Жуковтың ескерткiшi орнатылған. Сонымен бiрге, мәңгiлiк алау, танкiлер орын тепкен.
“1941 — 1945 жылдардаңы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер” мемориалды кешенінде 10 мыңға жуық сарбаз жерленген. Зират басына орнатылған тақтайшадан бiз жерлестерiмiз, оңтүстiкқазақстандық екi азаматтың есiмiн таптық. Олар — Жанду Темiрғалиев пен Әтибжан Сағындиев.
К. Рокосовский атындағы “Орталық фронттың командалық бекетi” кешенiнде болып, мұражай жұмыстарымен таныстық.
Поныри селосындағы “Курск доғасының солтүстiк бөлiгiндегi батырларға арналған” мемориалды кешен вокзал маңындағы Победа алаңында орналасқан. “Бiздiң Кеңестiк Отанымыз үшiн” деп аталатын монумент, мәңгiлiк алау және бауырластар зиратынан тұратын кешен маңында мұражай да орын тепкен. Поныри маңында қаза тапқан 2 мың әскери сарбаз жерленген зираттың басында жауынгерлердiң есiмi тасқа қашалып жазылған. Сонымен бiрге, Бiздiң Кеңестiк Отанымыз үшiн” деп аталатын монументте 34 Кеңес Одағы Батырына арналып, мраморлы плиталар қойылған. Сондай-ақ, осы маңда шайқасқа қатысқан әскери дивизиялардың атаулары плитаға қашалып жазылған.
“Ерлiкке тағзым” тележобасы аясында түсiрiлiм топ 28 — шiлдеде Курскiден 150 шақырым жердегi Белгород қаласына сапар шектi.
Бұл қалада бiз алдымен “Курск доғасы Белгород бағытында” атты мұражай-диорамасына аялдадық. Мұражай 1987 жылдың 4 тамызында салтанатты түрде ашылған. 1993 жылдың 4 тамызынан бастап мұражайда “Соғыс аймағы” атты экспозиция жұмыс iстеп келедi. Мұражай ғимараты доға үлгiсiнде тұрғызылған. Мұражайға кiрер алдында ИС-3 танкiсi, ИСУ-152 өзi жүретiн орудие, 3 миномет пен қарулар қойылған. Ғимараттың артқы жағында ашық аспан аясында Ұлы Отан соғысы жылдары техникалар қойылған алаң бар. 2 қабаттан тұратын мұражайда Белгород бағытында өткен шайқас туралы деректер бар. Шайқас тақырыбын қамтитын сенсорлы киоскiден барлық деректердi оңай тамашалауға болады.
Белгород қаласында сол жазықсыз жапа шеккен жандарға арналған бауырластар зираты бар. Қарапайым халықтың Белгородта болған үшiншi күнi бiздi “Белгород 24” медиасының директоры, Ресей журналистер Одағының Белгородтық бөлiмiнiң төрағасы Виталий Абрамов қабылдап, телеарна мен газет редакциясының жұмыстарымен таныстырды.
Бiр қызығы, осы арнада режиссер болып қызмет атқаратын Олег Михайлов деген азамат Кеңес Одағының Батыры, Белгород қаласының Құрметтi азаматы, жерлесiмiз сайрамдық Зиямат Хусанов атындағы көшенiң тұрғыны болып шықты. Зиямат Хусанов атына берiлген көшеде небәрi 30-ға жуық үй бар екен. Мiне, осы көшеде батырдың немересi Отабек Хусенов баба әруағына бағыштап құран оқытты.