Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Байділда Жылқышыұлы Жылқышиев жұмыс сапарымен Созақ ауданында болды. Сапар барысында мәжіліс депутаты ауданның индустриалдық аймағында орналасқан «UKO-S-Star» металл құрастыру зауыты» ЖШС жұмысымен танысты. Қазіргі таңда уран өндірісі мен кәсіпорындарға арналған металл бөшкелерін дайындайтын зауыт жылына 50000 дана металл бөшке шығарады. Бүгінде зауытта 35 адам жұмыс жасайды. Сондай-ақ, халық қалаулысы пластик құбырларын шығарумен айналысатын «Благо-Лизинг НПЗ» ЖШС-нің, иодталған тұз шығарумен айналысатын «Дархан-АС» өнідірістік кооперативінің жұмысын көріп, индустриалдық аймақтағы өндіріс орындарының жұмыстарына табыс тіледі. Мұнан соң, Бәйділда Жылқышиев 2016 жылдың желтоқсанында, Тұңғыш Президент күніне орай пайдалануға берілген ардагерлер үйінде аудан ардагерлерімен, аудандық қоғамдық кеңес мүшелерімен, қариялармен кездесті. Кездесу барысында депутат еңбек ардагерлеріне еліміздің заң шығарушы органында атқарылып жатқан жұмыстар, қазіргі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы жан-жақты баяндап берді. Өз кезегінде созақтық ардагерлер де халық қалаулысының жауапты жұмыстарында үлкен табыстар тіледі.
Кездесуді аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Салыхан Полатов қорытындылады.
Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.