Елімізде «адамның түрін тануға кедергі келтіретін» киімдерге заңмен тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Министрлік заңдарға өзгерістер енгізу топтамасын әзірлеп отыр екен.
Топтама негізін «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» құрайды. Ол мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың жаңа форматын ұсынады. Топтаманың екінші бөлігі — «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі» Заң жобасы. Қазір ол әзірлену үстінде.
«Жоба келесі нормаларды ұсынады: шетелде діни білім алуды реттеу; қоғамдық орындарда адамның түрін тануға кедергі келтіретін киімдерге заңмен тыйым салу; діни бірлестіктердің қаржылық ашықтығын қамтамасыз ету;діни көзқарасқа қарамастан барлық санаттағы адамдардың, деструктивті (теріс) идеологиялық, соның ішінде діни ағымдардың сыртқы көріністеріне тыйым салу құқығын қорғау; мемлекеттік қызметшілердің діни қызметке қатысуын реттеу; кәмелет жасқа толмағандарды діни қызметке заңсыз тартуға жауапкершілікті күшейту», — деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Бұдан басқа осы заң жобасында «құдайға құлшылық ету», «діни әдебиет», «діни радикализм», «деструктивті діни ағым» және тағы басқалар сияқты бірқатар түсініктердің анықтамасы нақтыланады.
Дереккөз: Kaz.tengrinews.kz