ҚазАқпарат — Оңтүстік Қазақстан облысында ірі жол апаты болып, 5 адам қаза тапты. Тағы бес жолаушы ауыр халде ауруханаға түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. Келеңсіз оқиға түнгі төрттер шамасында Шымкент-Самара тас жолының Ордабасы ауданы маңында болған. Жүйткіп келе жатқан «Лада» және «Мерседес-220» көліктері бетпе-бет соқтығысып, салдарынан 22 және 27 жастағы екі жүргізуші оқиға орнында жан тәсілім еткен. Олар Бәйдібек және Ордабасы аудандарының тұрғындары екені белгілі болды. Сондай-ақ «Лада» көлігінің 27 және 28 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында, тағы 45 жастағы жолаушы ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырған. Ал, «Мерседес» көлігінің 1995, 1997 және 1998 жылы туған 5 жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алып, Ордабасы аудандық ауруханасына түсті. Қайғылы оқиға бойынша қазір өңірдің тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің 345-ші «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бабымен іс қозғалып, анықтау шараларын жүргізуде. Бірнеше сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВАНЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Президентке еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттарын жүзеге асыру барысы жөнінде баяндалды. Светлана Жақыпова: халықты жұмыспен қамту...








