Мәжілісте жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері қаралуда. Жиында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев Ұлттық университеттердiң басымдықтарын барлық ЖОО-ға беру мүмкiндiгiн айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық еркiндiгi кеңейедi. Университеттерге студенттердi қабылдау мен бiлiм бағдарламалары бойынша контингент қалыптастыру керек. Еуропа университеттерi қауымдастығының зерттеулерiне сәйкес, академиялық және басқару дербестiгi Еуропаның барлық университеттерiне енгiзiлген. Онда дербестiк 4 санатта көрсетiлген. Өздерiңiз көрiп отырғандай, бiзде академиялық дербестiк бойынша санат ақсап тұр. Бiз университеттерге ұсынып отырған басымдықтарға бұған дейiн тек ұлттық жоғары оқу орындары ғана ие болған. Ендi ондай басымдықтарға барлық жоғары оқу орындары ие болады. Ұлттық ЖОО-лар одан әрi дамиды. Оларға өз бетiнше жұмыс жасау бойынша қосымша құзыреттер берiледi», — дедi Ерлан Сағадиев.
Атап өтсек, бүгiн Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы таныстырылуда. Заң жобасында Назарбаев университетiнiң тәжiрибесiн ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестiгiн сатылай кеңейту көзделген. Сондай-ақ, халықаралық практикаға сәйкес, жекеше жоғары оқу орындарын коммерциялық емес ұйымдарға трансформациялау жоспарланған.
Заң жобасын талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, білім және ғылым, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау вице-министрлері орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Парламентте өкілдері жоқ саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысып отыр.
Дереккөз: Baq.kz