ҚазАқпарат — Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваныңқатысуымен 2017 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, ҰБТ-ның жаңа форматы түрлі мемлекеттердегі емтихандарды өткізу бойынша халықаралық тәжірибелерді талдау нәтижесінде әзірленді. ЖОО-ға түсу емтиханы мен бітіру емтихандары бөлек өткізілетін мемлекеттердің тәжірибесі қарастырылды. Бұл мемлекеттердің қатарына Жапония, Израиль, АҚШ жатады. Оларда ҰБТ тестілерінің мазмұны оқу қабілетін, логикалық ойлаудың деңгейін, базалық құзыретін, яғни функционалдық сауаттылықты анықтауды көздейді.
2016 жылдың қазан айынан бастап ҰБТ жаңа форматы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары толық көлемде өткізілуде. Тест тапсырмаларына үш рет сараптама жүргізілді. Барлық тапсырмалар тестология талаптарына сәйкестігіне тексерілді және ҰТО-ның базасына қабылданды. «Егемен Қазақстан» газетінде апта сайын тестінің үлгілері жариялануда. ҰТО сайтында әдістемелік нұсқаулықтармен қатар тест тапсырмалары қосымша жарияланған.
«ҰБТ ұйымдастыру және өткізу бойынша бірқатар мәселелер мен қауіптер туындауда. Соның ішінде: біріншіден, кейбір бітірушілер мен олардың ата-аналарының ойынша, ҰБТ мен қорытынды аттестаттауды тапсыру екі есе жүктеме болып табылады, себебі ҰБТ-мен қатар қорытынды аттестаттауға да дайындалу қажет. Екіншіден, тест тапсырмаларының сараптамасы мен олардың апробациясы Ұлттық тестілеу орталығымен бірнеше рет өткізілуіне қарамастан, қате сұрақтардың болуы күмән тудырады. Үшіншіден, бітірушілердің қатысуын ұйымдастыру, әсіресе шалғай елді мекендерден келген мектеп түлектерінің қауіпсіздігін, тестілеу кезіндегі психологиялық қолдаудың көрсетілуін, сондай-ақ оларды тамақтандыру және орналастыруды қамтамасыз ету керек. Төртіншіден, 4 мамырдағы мәлімет бойынша ҰБТ-ға қатысуға бітірушілердің 71 пайызы өтініш білдірді. 10 мамырда өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталды», — делінген ҚР БҒМ ақпаратында.
Дереккөз: inform.kz