Мамыр айының 1-күні көрші Ресей еліне аттанған Оңтүстікқазақстандық делегация мүшелерін бүгін Курск облысы губернаторының орынбасары Людмила Гребенькова арнайы қабылдады. Батыр қаланың Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқандығына да талай жылдың жүзі болған. Отты жылдары Курск иініндегі шайқаста өрлік пен ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлер қайсарлығы әлі ел есінде, өскелең ұрпақ үлкен құрметпен қарайды екен. Кездесу кезінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көзсіз ерлік, туған жерін қорғауда танытқан батырлық туралы естеліктер айтылып, екі тарап бір-біріне сыйлықтар тарту етті.
Еске сала кетейік, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Айғақ» телеарнасының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы делегация құрып, жат жердегі соғыс майдангерінің сүйегін елге әкелу мақсатында 1-мамыр күні жолға шыққан болатын. Ресейге аттанған делегаттар құрамында Сайрам ауданындағы Шапырашты ауылының ардагер ұстазы Мұхтар Ұзақов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтермен бірге арнаның түсірілім тобы да бар. 2017 жылы 3 мамыр күні Курск облысы Поныри ауданынан атқарушы органдары жерлесіміз Пірәлі Ахмамбековтың сүйегін табыстау қаралы митингісін және дәл осы күні Курск облысы Солнцевский ауданында ОҚО, бұрынғы Қызылқұм қазіргі Шардара ауданынан соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапқан аға сержант И.Кабановтың медалін митинг-реквием барысында Оңтүстікқазақстандық делегацияға салтанатты түрде тапсырылмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан туған жер құндылығын түлету мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруға» деген қадам осындай ізгілікті істердің бастауы болмақ.