Оңтүстік Қазақстан облысында диқандардың биылғы орамжапырақтарын ресейлік кәсіпкерлер алқап басынан қоймаға жеткізбей-ақ тасып әкетіп жатыр.
Тіпті Қазан қаласынан келген кәсіпкер мақтааралдық шаруалардан аптасына 100 тонна өнім алып тұруға қолқа салған. Енді оңтүстік диқандары көкөністен соң қауын-қарбыз жинауға кіріседі.
Бұл Мырзашөлдік диқандардың жыл он екі ай бойы еткен еңбектерінің жемісін көру сәті. Себебі ерте піскен алғашқы өнімдерін экспорттайды. Қазір осындай табиғи-экологиялық таза көкөніске сұраныс көп. Ресейдің бір ғана компаниясы аптасына 100 тонна көкөніс сатып алуға дайын отыр.
Сергей Изаков, компания басшысы:
— Биыл мен бұл өңірге бірінші рет келіп отырмын. Көкөністері өте таза әрі табиғи екен. Біздің компания Ресейдегі барлық аймақтық ірі сауда құрылымдарымен жұмыс істейді. Сондықтан мен қазақстандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өз өнімдерін сол үлкен нарыққа бұдан да көбірек шығаруына септігімді тигізсем деймін.
Осы уақытқа дейін мақта өсірумен айналысқан Берік Байымбетов бүгінде көкөністің түр-түрін егеді. Жылыжайда қажетті көшеттерді өзі өсіреді. «Ауыспалы егіндік жердің құнарын арттырып қана қоймай, мол пайда табуға да мүмкіндік береді», — дейді диқан. Қырыққабатты жинап болған соң оның орнына мақта егеді. Сөйтіп жылына екі рет өнім алады. Қазір әр гектарынан 30 тонна өнім алып жатыр.
Берік Байымбетов, «Береке» шаруа қожалығының төрағасы:
— Сатушылар Қазаннан келіп алып кетіп жатыр 145 теңгеден. Осы ауыл бойынша қазір екінші фура шықты бүгіннен бастап. Осы 20-25 күннің аралығында жаппай күніне 15-20 көлікке дейін қырыққабат шығады. Содан кейін ары қарай қауын басталады. Қарбызымыз бар. Облыста биыл жалпы 792 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Оның 40 мыңы көкөніс, 105 мың гектарға мақта шиті себіледі. Ақ алтынның көлемі ағын су тапшылығына байланысты біршама қысқарғанымен, өнімділік төмендемейді, — дейді мамандар.
Сейітжан Азбергенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
— Өткен жылы тәжірибе алмасу үшін Түркия мен Қытайдан 42 тонна тұқым әкелгенбіз. Биыл Түркиядан 95 тонна әкелдік. Мақтаарал ауданында себіліп жатыр. Қалғаны өзіміздің отандық тұқым. Өнімділігі жақсы болды, сол себепті биыл тағы да әкеліп отырмыз.
Мақтадан бастап түрлі көкөніс пен бау-бақша егіп жатқан диқандар өнімділікті арттыру үшін озық технологияны қолданып жатыр. Соның арқасында былтыр 286 мың тонна мақта мен 1 млн тоннадан астам көкөніс өндірілді. Өңірде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 400-ден астам кооперациясы құрылды. Бұл диқандар үшін тиімді. Өйткені көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай мен тыңайтқышты уақтылы алады. «Техника ортақ, жұмыла атқарған жүк әлдеқайда жеңіл болады», — дейді диқандар.
Дереккөз: 24.kz