Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы бас консулы Алексей Деминмен кездесті. Кездесу барысында елші Ресей Президенті Владимир Путтиннің жарлығымен оңтүстікқазақстандық 6 соғыс ардагерінің «Мәскеу үшін шайқасқа 75 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталатынын жеткізді.
«Кеңес әскерінің жауынгерлері Мәскеу қаласын жаудан қорғауда ерекше ерлік көрсетті. Неміс фашистеріне қарсы жауынгерлер қасық қаны қалғанша соғысып, Мәскеуді жау қолынан аман алып қалды. Бұл ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі ұрпақтың мақсаты – сол батыр аталарымыздың ерлігін ұлықтап, келер ұрпаққа насихаттау», — деді Алексей Демин.
Облыс әкімі елшінің жақсы жаңалығына ризашылық білдіріп, Ұлы Отан соғысының адамзат тарихындағы зардап-залалдарына тоқталды.
«Біз бабаларымыздың ерлік істерін ешқашан ұмытпауға тиістіміз. Ұлы Отан соғысындағы Кеңес әскерінің жеңісі әлемге бейбітшілік сыйлады. Сондықтан біз бүгінгі көзі тірі батырларымызды ұлықтап, оларға барынша қамқорлық көрсетуіміз қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазіргі таңда марапатқа ұсынылған оңтүстікқазақстандық ардегердің бесеуінің көзі тірі. Екі ардагер К. Тұңғышбаев пен Н. Макаров Шымкент қаласында, П. Кривка, К. Кенжебеков пен М. Бабашовтар Арыс қаласында тұрып жатыр. Ал алтыншы ардагер М. Ырысметовтің төсбелгісі баласына табысталатын болады.
Айта кетейік, бүгінде облысымызда 249 ҰОС ардагері мен 20 229 тіл еңбеккері өмір сүріп жатыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі