https://youtu.be/v-0PSIzqWos
Облыстағы білім ордаларының басшылары ашық әкімдік жобасы аясында тағайындалып жатыр. Бұл жең ұшына жалғасқан жемқорлықты тамырымен жоюға және білікті кадрлардың лауазымды орынға жайғасып, білімді шәкірт тәрбиелеуіне жол ашады. Болашақта директор орынбасарлары мен ұстаздарды жұмысқа қабылдауға жаңа жоба септігін тигізбек. Жалпы, конкурстық комиссия жұмысы қалай жүзеге асуда. Үміткерлерге қойылатын талаптар мен міндеттер қандай? Бұл туралы алдағы бейнесюжетте.
Жыл басынан бері Мақтаралда 3, Сарыағаш ауданында 9 мектептің және Шымкент қаласындағы №8 М.Х.Дулати атындағы мектеп — гимназиясының басшылары жаңа форматта жүзеге асып жатқан мектеп директорларын тағайындау арқылы өз орынтағына жайғасты. БАҚ өкілдері мен сарапшы бақылаушылар, комиссия мүшелері қатысқан конкурста жалпы 9 сұрақ беріліп, мүдірмей жауап беріп, сыннан сүрінбеген үміткерлер тағайындалыпты. Сонымен қатар, барлық аудан, қалалық білім бөлімдері де арнайы онлайн режимде бақылауға мүмкіндік алды. Бұл ашық әкімдіктің жағымды жағы, ұтымды тұсы.
Алғаш тәжірибе ретінде өткізіліп жатқан жоба нағыз ашық алаңға айналуы тиіс. Ол үшін тиімді ұсыныстарда қолдау таба алады. Айта кетейік, ашық әкімдік құрылып, директорлар тағайындалғаннан бастап, құжаттар іріктеу кезінде кедергілерге тап болғанын айтып хабарласқандардың бары жасырын емес. Яғни, дәл осындай 3 факт тіркелген. Ендігі жерде, бұл мәселенің алдын-алу үшін ашық әкімдіктің электронды нұсқасы жасалған. Үміткерлердің құқық шектемеу мақсатында электронды түрде өтініш тастап, құжаттарын жіберуге болады.
Жалпы білім саласындағы кейбір мәселелер бойынша талап тілегін жеткіземін деген азаматтар үшін 1313 сол орталықтың жұмыс жасап жатқанын да құлағдар етейік. Жалпы алғаш тәжірибеден өтіп жатқан жобаның аз кем кемшілігі болар, дегенмен нағыз ашықтықтың алаңына айналуда. Нағыз білімді әрі білікті кадрларды іріктеп, басшылық лауазымға орналастыруға мол мүмкіндік. Ашық әкімдіктің алғашқы шарапатын көрген директорларда өз ойларымен бөлісті.
Енді бұл директорлар үш айлық сынақ мерзімінде жүр. Өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарауына, ел болашағын тәрбиелеудегі еңбектеріне баға беріледі. Ендігі жерде облыста 15 оқу орнының диеркторларының лауазымы бос тұр. Оған конкурс тағайындалатын болады. Мұнан бөлек, балабақшалар мен ауруханаларда да бұл жоба жалғасуы бек мүмкін.
Еңлік Заманхан