Бүгін Арыс қаласына жаңа әкім тағайындалды. Ол — Қадырбек Мұрат Болатұлы. Осыған дейін үш бірдей аймақ Солтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау облысы Мемлекеттік қызмет істері департаментін басқарған Мұрат Болатұлы 1980 жылы туылған. Қарағанды облысында прокуратура органдарында, Шығыс Қазақстан облысында сот қызметін атқарып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы — Тәртіптік Кеңес төрағасы лауазымын атқарған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы — Тәртіптік Кеңес төрағасы, 2013 жылдың шілде айында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау аумақтық департаментіне «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу және «А» корпусының бос және уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурс өткізу қағидаларына» сәйкес тағайындалған.
Айта кетейік, Арыс қаласына маусым айында өткен VІ шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының кезекті үшінші сессиясында 2016-2018 жылдарға арналған бюджетінің негізінде облыстың даму бюджеті құрылыс нысандарына қатысты нақтыланған болатын. Осы жиында, Арыс қаласына бөлінген қаражат – 34 млн. 219 мың теңгені құраса, 2016 жылға оның 15 млн. 206 мыңы нақты берілген. Осыған сәйкес, тоғыз жолдың торабындағы аймақа Теміржолшы, Талдықұдық ауылдарында медициналық тірек құрылысы және Арыс қаласының орталығындағы Кенжеханов, О.Байдәулетов және Багов көшелерінде электрожүйелері тартылады.
Аудандағы халық саны 73 мың 533 адамды құрайды.