Облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков бастаған оңтүстікқазақстандық делегация екі күндік іссапармен Тәжікстан Республикасында жүр.
Делегация өкілдері іссапардың бірінші күнін Тәжікстаннның екінші ірі əрі Шымкентпен бауырлас қала Худжанд қаласынан бастаған. Тәжікстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Худжанттағы ірі көшеге «Шымкент» атауы берілді.
Айтулы шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков бауырлас халыққа облыс басшысы Б.Атамқұловтың ыстық ықыласы мен оңтүстік жұртының дұғай сəлемін жеткізген. Делегация құрамында ОҚО Қоғамдық Кеңесінің мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Дулат Әбіш те бар. Сондай-ақ, «Айғақ» қоғамдық телеарнасының түсірілім тобы делегация сапарын кеңінен насихаттап, қос мемлекеттің бауырмалдық қарым-қатынасын арнайы дайындалатын бағдарламаға арқау етпек.
Айта кету керек бүгінде ОҚО да 30 мыңға жуық тəжік ағайындары берекелі ғұмыр кешуде. Сонымен қатар «Пяндж» тəжік этно-мəдени орталығы ұлтаралық татулықты ұлықтап келеді. 2003 жылдан бері Шымкент-Худжанд қалалары арасында бауырластық келісім шарты түзілген. Ал 2005 жылы Шымкентте орталық көшелердің біріне «Худжанд» есімі берілген.