Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Оңтүстікке жасаған сапары барысында өндірістік және тарихи-мәдени кешендерді аралап, көптеген өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізгені белгілі. Ал, жұмыс сапарының соңғы күніндегі таңертеңгі уақытын салауатты өмір салтын қалыптастырудағы серуенге арнаған. Яғни, Шымкент Дендрологиялық саябағында күнделікті таңертеңгі жаттығуын үзбеген Премьер-министр бұл жолы да әдеттінше 10 шақырым қашықтықты еңсеріпті. Таңертеңгі 6 сағат 18 минутта басталған дендропарктегі жүгіруін 7:25-тер шамасында аяқтаған. Еліміздегі үшінші мегаполис қаланың орталығында орналасқан жасыл аймақты «Оңтүстік өңіріндегі ең жақсы адам шынығатын орын» деп өз бағасын берген. Осылайша, 10 шақырым қашықтықты 1 сағат көлемінде жүгіріп өткен. Елбасының салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидасы мен бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына негіз болар нағыз үлгіні Оңтүстік жұртшылығына өзінің өңірге арнайы сапары барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов көрсетіп отыр.
Таңғы серуенде Премьер-министрге Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, еркін күрестен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы — Нұржан Қатаев серік болып жүгірген.