27 шілде күні Оңтүстік Қазақстан облысынан көршілес Моңғолияға қоғамдық делегация аттанды. Шілде айының басында табиғи апаттан зардап шеккен қандастарымызға рухани қолдау көрсетіп, азаматтық парызын орындау мақсатында ұзақ жолға шыққан топ мүшелерін сол күні облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов арнайы қабылдады. Көңілі жабырқаулы жандарға жылылық пен мейірім сыйлап, жан жылуына бөлеу үшін сапар шеккелі тұрған азаматтарға өңір басшысы Оңтүстік халқының атынан алғыс айтып, ақжол тіледі. Облыстық мәслихаттың депутаты, ОҚО-тық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі кеңестің мүшесі Дулат Әбіш бастаған топ құрамында , «Бізбен бірге» қоғамдық қорының президенті Абай Аңдабаев және Бәйдібек ауданы мәслихатының 5 шақырылым депутаты, журналист- мұрағатшы Абзал Әділбек, Әл-Фараби ауданының имамы Әділбай Тойшиев пен түсірілім топ бар. Басындағы бары баспанасынан айырылып, демеу іздеген қандастарымызға қиын сәтте қол ұшын созып материалдық әрі рухани көмек беруді парыз санаған оңтүстікқазақстандық делегацияның қоржынында облыстағы аудандардан жиналған рухани дүниелер, кітаптар мен сурет картиналары сынды өнер бұйымдары мен Оңтүстіктен шыққан отандық өнімдер бар. Оларды жүрегі кең көңілі дархан Оңтүстік халқының атынан тарту етпек. Қаншама шақырымды артқа тастап, Монғолияға жол бастаған делегация шарапаты мен шапағаты мол шара аясында тарихи- танымдық бағдарламаларды да ел назарына ұсынбақ. 30-шілдеде қазақ бауырларымыз шоғырланған Алтай Республикасындағы Усть-Кан ауданы, Тұрат ауылына ат басын бұрған түсірілім топ осы өңірде туылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан, кеудесін оққа тосып Кеңес одағының батыры атанған бабаларымыз Қыдыран Туғамбаев пен Жанибек Елеусовтер туралы тың дүниелерге қанықты. Майдан даласында батырлығы мен қайсарлығы арқылы көзге түсіп, ерлік жасаған қазақтың қос азаматы Одақ мойындаған батыр еді. Міне, көрші елде туып өсседе қасық қаны қалғанша елі мен жері үшін күрескен Тұратының қос тарланы туып-өскен ауылында ескерткіш бой көтерген. Сонымен қатар ауылдың орта мектебі Туғанбаевтың есімін иеленсе, қаһарман ер Елеуісовтің атымен аталатын Тұратыда көше бар. Есімі ел есінен кетпеген қос саңлақтың көзі кетсе де ұрпағы тұратын мекенге барып, біздің арна тілшілері түсірілім жасап, рухани байлыққа мол дүниелерді алдағы уақытта өңір халқының назарына ұсынатын болады.
Бағлан Байкөбеккқызы