Жаңа оқу жылында Шымкент қалалық білім бөліміне қарасты 120-дан астам мектептердің 1-ші және 8-ші сынып оқушылары жаңа оқулықтармен қамтылмақ. Ол үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, білім мекемелеріне қажетті 830 мыңға тарта оқулық тапсырыс негізінде Алматы қаласындағы баспаларда басылып шыққан. Яғни білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес төрт жылда бір рет қайта өңделіп басылып шығатын оқулықтардың алғашқы жартысы Шымкент қаласына жеткізіліп те үлгерген. Ендігі жерде әкелінген кітаптар қорын білім ұяларының сұранысы мен оқушылар санына қарай мектептерге үлестіру жұмыстары басталып отыр. Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша жеткізілген оқулықтарды барлық білім ұяларына таратып беру жұмыстары 20 тамызға дейін жалғасатын болады. Айта кету керек, бұл кітап қорлары арасында 1 –ші сынып шәкірттеріне арналған жаңа оқулық «Менің Отаным Қазақстан» кітаптары да бар.
Абай Омар